RU
Толық нұсқаға өту

ШҚО нейрохирургтері диагностикалық операциялардың жаңа әдістерін меңгеріп жатыр

23.10.2026, 08:49 38

Шығыс Қазақстан облысының нейрохирургтері ағзаға зияны тимейтін диагностикалық операциялардың жаңа әдістерін меңгереді. Мұнда Президент ісі басқармасының медициналық орталығы мен Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері шеберлік сағатын өткізіп жатыр. Хирургтер мен радиолог мамандар бірнеше күн бойы өз тәжірибесін бөліседі, деп хабарлайды 24KZ.

Өскемендегі мамандандырылған медициналық орталықтың дәрігерлері кішкентай тілік арқылы мидағы ісікті алу әдісін үйреніп жатыр. Мұндай күрделі операция Астана мен Алматыдағы жетекші клиникаларда жасалады. Небәрі 15 минутқа созылатын операцияға дәрігерлер мұқият дайындалады. Өйткені қателікке жол беруге болмайды. Сол үшін арнайы тренажерде биопсия алу барысын пысықтайды. Операцияға радиологтар да қатысып, мидың томографиялық кескіндерін жан-жақты зерттейді.

Нұрәлі Әшіров, Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігері:

– Мастер-кластың маңыздылығы – ШҚО мен Өскемен қаласындағы облыстық аурухана дәрігерлеріне жаңа технологияларды игеруге көмектесу. Сондай-ақ мидағы ісіктердің табиғатын анықтап, науқастардың онкологтардан әрі қарай ем алып, дұрыс емделуіне ықпал ету.

Жергілікті мамандарға арналған тренингтерді Ұлттық нейрохирургия орталығының радиология және радиохирургия бөлімінің мамандары өткізіп жатыр. «Қауіпті дертті ерте анықтауда томографиялық зерттеулерге ерекше назар аудару керек», – дейді олар.

Жәнібек Байтурлин, Ұлттық нейрохирургия орталығының бөлім меңгерушісі:

– Уақыт өте келе миға немесе омыртқаға МРТ, КТ зерттеулерін жүргізу бұрынғы флюорография сияқты үйреншікті тәжірибеге айналады. Жақын болашақта бұл таңғаларлық жаңалық емес, міндетті зерттеу әдісі болады деп ойлаймын.

Осыдан 50 жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысында нейрохирургия қызметі құрылған. Содан бері жергілікті дәрігерлер мыңдаған күрделі әрі жоғары дәлдікті қажет ететін операция жасаған. Медициналық технологиялардың дамуына байланысты мамандар өз білімі мен тәжірибесін үнемі жетілдіріп отырады.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Дмитрий Пыхтин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz