Қазақстанда дәрігер тапшылығы азайғанымен, ауылдық жерлерді білікті мамандармен қамту мәселесі әлі де өзекті. Әсіресе жалпы практика дәрігерлері мен бейінді мамандарға сұраныс жоғары. Бұл ретте медициналық университеттер тек кадр даярлап қана қоймай, түлектерді жұмысқа орналастыруға да атсалысып келеді. Бұл туралы Төрегелді Шарманов атындағы Ұлттық медицина университетінің мансап және жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Гүлден Алдабергенова «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.
Спикердің сөзінше, жас дәрігерлерді өңірлерге тарту үшін тұрақты жұмыс пен лайықты әлеуметтік жағдай жасау маңызды.
Университеттер тек мамандарды даярламайды, сонымен қатар оларды жұмысқа орналастыруға көмектеседі. Жас дәрігерлерді ауылдық жерлер мен өңірлерге тарту ісінде бұл жұмыс өте маңызды, -деді Гүлден Алдабергенова.
Университет өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларымен бірлесіп, медицина мекемелерінің кадр қажеттілігін зерделейді. Сұранысқа ие мамандықтар анықталғаннан кейін студенттер мен түлектерге бос жұмыс орындары және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы ақпарат беріледі.
Қазір жалпы практика дәрігерлерімен қатар, хирургтерге, акушер-гинекологтерге және басқа да бейінді мамандарға сұраныс бар. Алайда жас мамандардың ауылға бару туралы шешіміне тек жұмыс орны ғана емес, тұрғын үй мен әлеуметтік қолдау мәселелері де әсер етеді.
Ең бастысы — тұрғын үй және әлеуметтік жағдайлар. Өңірлердегі басқармалар тарапынан қолдау көрсетіліп, баспана мәселесі шешілсе, жас мамандардың тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік туады, - деді Гүлден Алдабергенова
Медицина саласында кадр даярлаумен қатар, жаңа технологияларды меңгеруге де көңіл бөлініп отыр. Университеттерде жасанды интеллектке қатысты сабақтар енгізілуде. Бұл болашақ дәрігерлердің кәсіби дағдыларын жетілдіріп, медициналық қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Мамандардың пікірінше, жасанды интеллект дәрігерді толық алмастырмайды. Дегенмен, медициналық кескіндерді талдау және диагностикалық мәліметтерді өңдеу секілді жұмыстарда көмекші құрал бола алады.
Жасанды интеллект медицинаны толық алмастыра алмайды деп ойлаймын. Бірақ кейбір бағыттарда дәрігерлерге талдау жасауға көмектесіп, жұмысты жеңілдетуі мүмкін,- деді Гүлден Алдабергенова
Спикердің пікірінше, дәрігер тапшылығын азайту үшін мамандарды даярлаумен қатар, оларды жұмысқа орналастыру және өңірлерде тұрақтап қалуына жағдай жасау маңызды. Ал әлеуметтік қолдау, тұрғын үймен қамтамасыз ету және заманауи технологияларды меңгеру — медицина кадрларын дамытудағы негізгі бағыттардың бірі.
Тегтер #медицина #дәрігер тапшылығы #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz