RU
Толық нұсқаға өту

Семейдегі инсульт орталығына тәулігіне 15 науқас түседі

31.10.2026, 09:15 34

Инсульт дерті дендеп келеді.

Елде жыл сайын 50 мыңға жуық адамның денсаулығы сыр береді. Дәрігерлердің айтуынша, аурудың алдын алу үшін қан қысымын үнемі бақылап, созылмалы ауруларды уақытылы емдеу керек. Алғашқы белгілері білінген бойда медициналық көмекке жүгінген дұрыс. Семейде өткен конференцияда инсульт алған науқастарға көрсетілетін көмектің сапасын арттыру мәселесі талқыланды.  

Семейдегі инсульт орталығына тәулігіне 15 науқас түседі. Бұл сырқат адамның жүріп тұруы мен сөйлеуін қиындатып, өміріне қауіп төндіреді. Дәрігерлердің айтуынша, инсульттің негізгі себептерінің бірі қан қысымының жоғары болуы. Сондықтан артериялық гипертензияны дер кезінде емдеу қажет дейді. Одан бөлек қант диабеті, атеросклероз, темекі мен алкоголь де жағдайды ушықтырады. 

Талғат Хайбуллин, Семей медицина университетінің профессоры:

- Егер артериялық гипертензияны жүйелі түрде емдесек, инсульт санын 40 пайызға дейін азайтуға болады. Ойланып көріңіздерші, 40 пайыз. Сонымен қатар халық арасында темекі шегудің, алкоголь ішудің, қант диабеті мен атеросклероздың зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз керек. Мұндай қауіпті факторлар көп. Егер қоғам олардың мәнін терең түсініп, алдын алу жолдарын білсе, инсульт саны да айтарлықтай азаяр еді. 

Инсульт алған адамға шұғыл көмек көрсету үшін дәрігерлердің кәсіби дайындығы мен заманауи медициналық жабдықтардың болуы да маңызды. Облыста күрделі нейрохирургиялық операциялар жасауға мүмкіндік беретін гибридті операциялық залдар жұмыс істейді. Мұнда ми қан тамырларындағы қауіпті өзгерістерді жоюға бағытталған жоғары технологиялық операциялар жасалады.

Ғалия Әлібаева, Семей қаласы жедел медициналық жәрдем ауруханасының нейроинсульт қызметінің басшысы:

- Инсульт кезінде қажет болатын миға жасалатын операциялар, тромбоэкстракция, аневризмаларды клиптеу, ЭИКМА секілді жоғары технологиялық операциялар біздің аурухананың базасында жүргізіледі. 

Инсульт кезінде әр минут маңызды. Науқасқа медициналық көмек неғұрлым ерте көрсетілсе, оның оңалу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Беттің қисаюы байқалса, адамның қол-аяғы әлсіреп, ссөйлеуі қиындаса, дереу жедел жәрдем шақыру керек, дейді мамандар. Мұндай белгілерді елемей, уақыт жоғалту ауыр зардапқа әкелуі мүмкін.

Анар Әлібекова, науқас:

- Бетімнің оң жағы қисайып кетті. Белгілі бір емдеу курстарынан кейін қазір өз аяғыммен жүре аламын, сөйлеймін, қозғала аламын, қолыма қасық ұстаймын.

Любовь Данилова, науқас:

- Жағдайым өте ауыр болды. Тұра да, отыра да алмадым. Денем дірілдеп, айналамның бәрі бұлдырап кетті. Бірақ маған тез арада дәрі берді. Содан кейін мені инсульт бөліміне жатқызды.

Конференцияда инсульттің алдын алу және науқастарға көрсетілетін көмектің сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Жиынға денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мен өңір дәрігерлері қатысты. Мамандардың пікірінше, инсульт қаупін азайту үшін салауатты өмір салтын ұстану қажет. Денсаулыққа жауапкершілікпен қарау ауыр дерттің алдын алуға көмектеседі.

Авторлары Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz