Биыл Шымкентте екі жүзден астам буын алмастыру операциясы жасалды, деп хабарлайды 24KZ.
Дәрігерлер жоғары технологиялық жағдайда тізе, жамбас және иық буынын темір-пластикалық буынмен алмастырды. Құны қымбат күрделі операция ел азаматтары үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен тегін жүргізіледі.
70 жастағы Батпа Дулат жылдар бойы мазалаған тізе ауруынан айықты. Айтуынша, түрлі ем-дом мен дәрі-дәрмек шипа бермеген соң хирургтердің көмегіне жүгінген. Мамандардың кеңесімен заманауи темір-пластикалық буын салу операциясын сәтті жасатты.
Батпа Дулат, Ордабасы ауданының тұрғыны:
- Мен құлай бердім сүрініп. Неден құлай берем десем, аяқта буын істемегеннен кейін сүріне береді екенсіз. Ақ халатты абзал жандарға мың алғыс. Мен риза болып отырмын. Бірінші жасаған кезде қорықтым. Екінші жасаған кезде батылдықпен келдім. Қазір аяғымнан тұрып, сегізінші күн болды. Жүріп жатырмын.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл сырқат уақытылы емделмесе, мүгедектікке әкелуі мүмкін. Сондықтан халықаралық стандартқа сай жасалатын жоғары технологиялық операция асқынудың алдын алады. Ал толық оңалту терапиясынан өткен науқас көп ұзамай қалыпты өмірге қайта оралады.
Ерболат Әбдірахманов, қалалық №1 клиникалық ауруханасы ортопедия бөлімінің дәрігері:
- Операция бізде нархозбен жасалады. Бел аймағына беріледі. Науқас толық есін біліп жатады. Операция ұзақтығы 1-1,5 сағат. 2 ай арнайы ходунокпен жүреді. 2 айдан кейін реабилитациядан өтеді. 2-4 айда толық қалпына келеді.
Жоғары технологиялық операциялар «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» есебінен тегін жүргізіледі. Биыл осы мақсатта 5 миллиард 200 миллион теңге бөлінді. Кардиология мен нейрохирургиялық күрделі оталардан бөлек 200-ден астам науқастың тізе, жамбас-сан және иық буындары заманауи жасанды эндопротезбен алмастырылды.
Сәуле Дүйсенбаева, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» филиал директоры:
- Айта кететін жайт, биылғы жылы былтырғымен салыстырғанда 40 операцияға көп жасалды. Бұл операциялардың құны 1,5 миллионнан жоғары. Пациенттен қосымша қаражат талап етілмейді. Бұл дегеніміз біздің МӘМС жүйесінен бөлінетін қаражаттың есебінен имплант, бүкіл көмек пациент үшін осы қаражаттың шеңберінде көрсетіледі.
Буын алмастыру операциясы тізенің қабынуы мен ауыр зақымдануы, сүйектің сынуы және тіндердің семіп қалуы сияқты күрделі жағдайларда да жасалады. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай дерт егде жастағы адамдарда көп кезігеді. Ал жоғары технологиялық ем олардың толыққанды өмір сүруіне көмектеседі.
Авторлары Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов
Тегтер #Шымкент #операция #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz