Қыстың қақаған аязында мұздай суға шомылып, күн сайын ондаған шақырым жаяу жүру, кез келген адамның қолынан келе бермейтін ерлік.
Ал Қарағанды облысы Нүркен Әбдіров ауылында тұратын Оралбай ақсақал үшін бұл алпыс жылдан бері қалыптасқан өмір салты. Жас кезінде күреспен шұғылданған қария, әлі күнге дейін шынығуын тоқтатқан емес. Сексеннің сеңгірінен асса да малын жаяу бағып, волейбол жарыстарына қатысып жүр. Қайраты мен қайсарлығы көпке үлгі болған ақсақал, сергек өмір салтының жасқа қарамайтынын ісімен дәлелдеп келеді.
Оралбай Кеңесбаев әр күнін таңғы жаттығудан бастайды. Одан кейін ауыл іргесіндегі өзенге барып шомылады. Ал қыста бірнеше шелек мұздай суды үстіне құяды. Тіпті ауа температурасы төмендеп, шытынаған аяз тұрса да шынығуына еш бөгет емес.
Оралбай Кеңесбаев, Н.Әбдіров атындағы ауылдың тұрғыны:
- Енді бұл жерде 45 градусқа дейін болады. Соған шыдап жүрміз ғой енді. Жеңіл-желпі киім, оранып-тұмшалану деген менде жоқ. Моншаға түскеннің өзінде шыға сап киінбей тұрып қармен ысқыланып аламын. Содан кейін барып киінсем, денем де сергиді, жақсы.
Ақсақалдың күнделікті өмір салтында шынығудан бөлек те пайдалы әдеттері көп. Таңғы шайдан кейін қойларын өріске шығарады. Ол үшін мал бағу - үнемі қозғалыста болудың бір жолы. Қой соңында жүріп күніне кемі 10-15 шақырымды еңсереді. «Малды көлікпен қуалап баққан дұрыс емес», - дейді қария.
Оралбай Кеңесбаев, Н.Әбдіров атындағы ауылдың тұрғыны:
- Үркеді, бипілдетіп қуалайды, одан мал тойына ма? Ішкен-жегенін желкесінен шығарып, қуалай береді. Жаяу баққан жақсы ғой, малға да, өзіңе де. Арасында демалып аласың, отырасың. Жаздың күні кітап, журнал алып шығамын. Оқып отырасың.
Жұбайы да оның өмір салтын қолдайды. Сәуле Должанованың айтуынша, олар дәрі-дәрмек дегенді мүлде ішпейді. Үнемі дене шынықтырумен айналысып, көтеріңкі көңіл-күйде жүруге тырысады. Жас күндерінде Қарқаралы ауданының «Салтанат» халықтық ән-би ансамблінде мүше болып, көптеген мәдени шараларға белсенді қатысқан.
Сәуле Должанова, Н.Әбдіров атындағы ауылдың тұрғыны:
- 1969 жылы біз Қарқаралыдан Алматыға барып күллі облыстан «Салтанат» ансамблі бірінші орын алдық. Сонда мен жеке номер орындадым. «Ақсәуле» әнін айттым, Нүркен Әбдіровті сценарий бойынша әскерге шығарып салады, соның қызының ролін ойнадым.
Жас кезінде Оралбай ақсақал күреспен айналысқан. Әскер қатарында жүріп, спорт шебері атағын алыпты. Кейін ауыл мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Зейнетке шыққан соң ардагерлерден волейбол командасын жасақтап, бүгінге дейін түрлі турнирлерге қатысып жүр.
Авторлары Руслан Нұрланұлы, Аман Хамит
Тегтер #Қарағанды облысы #қарт #Сергек #спорт #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz