RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Дәріханалар мен маркетплейстердегі заңсыз дәрі саудасына бақылау күшейтіледі

09.11.2026, 11:49 40

Қазақстанда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымына мемлекеттік бақылау күшейтіледі. Жаңа шаралар сапасыз және тіркелмеген препараттардың заңсыз сатылуына жол бермеуге бағытталған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».   

Осы мақсатта Денсаулық сақтау және Ұлттық экономика министрліктерінің бірлескен бұйрық жобасы әзірленді. Құжатта дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы саласындағы қауіп дәрежесін бағалау өлшемшарттары мен тексеру парақтарын жетілдіру көзделген.

Бақылау кезінде лицензиясыз дәрі сатуға, жалған және сапасыз препараттарды өткізуге, сондай-ақ құрамында есірткі және психотроптық заттар бар дәрілерді рецептісіз босатуға ерекше назар аударылады. Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда қызметті уақытша тоқтату, препараттарды сатуға тыйым салу немесе оларды айналымнан алып қою шаралары қолданылуы мүмкін.

Сонымен қатар дәріханалар мен фармацевтикалық ұйымдарды тексеру кезінде қауіп дәрежесін бағалау тәсілі өзгертіледі. Бұрын анықталған заңбұзушылықтар мен тексеру нәтижелері ескеріліп, бақылау ең алдымен халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін ұйымдарға бағытталады.

Министрліктің мәліметінше, бұл шаралар дәрілік заттардың дәріханалар, маркетплейстер мен әлеуметтік желілер арқылы заңсыз сатылуын жедел анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ фармацевтикалық нарықтағы бақылауды тиімді жүргізіп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Бірлескен бұйрық жобасындағы өзгерістерді 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланып отыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz