Қазақстанда жалпы сыйымдылығы 1000 төсектік бес заманауи көпбейінді балалар ауруханасы салынады, деп хабарлайды «24KZ».
Жаңа медициналық мекемелер Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент және Қаскелең қалаларында бой көтереді. Бұл мыңдаған балаға ем алу үшін басқа өңірлерге бармай-ақ, тұрғылықты жеріне жақын жерде мамандандырылған медициналық көмек алуға мүмкіндік береді.
Бес аурухананың әрқайсысы 200 төсекке есептелген. Жобаларды іске асыру балаларға сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және өңірлердегі заманауи медициналық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
Жаңа ауруханалардың құрылысы мәселелері Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Муратовтың Азия даму банкі (АДБ) және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (АИИБ) өкілдерімен кездесуінде талқыланды.
Кездесу барысында вице-министр өңірлердегі балалар медицинасының дамуы және балалардың тұрғылықты жері бойынша мамандандырылған медициналық көмек алуына жағдай жасау маңызды екенін атап өтті.
«Біздің басты міндетіміз – баланың қай өңірде тұратынына қарамастан, сапалы медициналық көмектің барлығына қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Жаңа ауруханалар өңірлердің мүмкіндіктерін кеңейтіп, балаларды емдеу үшін барынша қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді», – деді Тимур Муратов.
Сонымен қатар Алматы қаласында 500 төсектік республикалық ғылыми балалар госпиталін салу мәселесі қарастырылуда. Бұл нысан балаларға мамандандырылған медициналық көмек көрсету жүйесін дамытудағы маңызды қосымша буынға айналады.
«Алматы қаласында 500 төсектік республикалық ғылыми балалар госпиталін салу мәселесін қарастырып жатырмыз және сіздермен әріптестік орнату мүмкіндіктерін пысықтаудамыз», – деп хабарлады вице-министр.
Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жобалық құжаттаманы әзірлеу және қаржыландыру тетіктерін пысықтауды қоса алғанда, жобаларды іске асыру бойынша дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Кездесудің соңында Қазақстандағы медициналық көмекті жоспарлау мен ұйымдастыру жүйесін жетілдіруге бағытталған HOPE техникалық көмек жобасына да ерекше назар аударылды. Сондай-ақ инвестициялық бағдарламаны дайындау және оны іске асырудың келесі кезеңдерін айқындау бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.
Тегтер #Денсаулық #балалар ауруханасы #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz