RU
Толық нұсқаға өту

Елдегі 580 мың адам қант диабетіне шалдыққан

14.11.2026, 09:51 19

Бүгін – Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні. Халықаралық диабет федерациясының мәліметі бойынша, әлемде 530 млн-нан астам адам осы дертке шалдыққан. Ал Қазақстандағы көрсеткіш 580 мыңнан асады. Еліміз бұл кеселмен қалай күресіп жатыр? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.


Астаналық Әтіркүл Арғынбаеваның қант диабетіне шалдыққанына 4 жылға жуықтады. Ол емханадағы ашық есік күніне барып, диагнозын кездейсоқ анықтаған. Зейнеткер дерт белгілерін алғашында елемегенін айтады.

Әтіркүл Арғынбаева, қала тұрғыны:

– Поликлиникаға келіп қалып едім, сол күні ашық есік күні өтіп жатыр екен. Сол кезде қантымды тексертіп көрейін деп едім, 9,5 болып шықты. Содан кейін есепке алды. Бастапқыда айтарлықтай симптомдар болған жоқ. Тек шөлдей беретінмін. Қантым 9,5-ке дейін көтерілген екен. Қазір мемлекет тарапынан тегін медициналық көмек аламыз. Әр үш ай сайын дәрігердің қабылдауына келіп, қажетті дәрі-дәрмектерімізді алып тұрамыз.

Ғасыр дертіне айналған қант диабетін дәрігерлер «үнсіз жау» деп те атайды. Себебі ауру бастапқы кезеңде белгі бермей, ағзаны іштей зақымдайды. Шөл қысып, бірден салмақ тастағандар мұны қалыпты жағдай деп, қант диабетінің белгілерін елемейді. Ал есепте тұрғандар көбіне дәрігердің нұсқауын орындамайды екен. Салдарынан кесел асқынып, кейде тіпті науқастың аяғын кесуге мәжбүр болатын жағдайлар кездеседі.

Қаракөзайым Берік, республикалық алғашқы медициналық-санитариялық көмек орталығының эндокринолог дәрігері:

– Диабет – созылмалы ауру. Одан толықтай айығып кету мүмкін емес. Алайда науқас диетаны қатаң сақтап, белсенді қозғалыста болып, дәрігер тағайындаған дәрілерді уақытылы қабылдаса, ауруды бақылауда ұстауға болады. Егер пациент осы талаптардың барлығын орындап, қандағы қант деңгейін 6,5 шамасында қалыпты деңгейде ұстаса, аурудың асқынуларының алдын алуға мүмкіндік бар.

Елде бірінші және екінші типтегі қант диабеті бар 580 мың адам диспансерлік есепте тұр. Ондағы 6,5 мыңы – 18 жасқа дейінгі балалар. Дертке шалдыққандардың 95 пайызы екінші типтегі диабетпен ауырады. Сарапшылар 2030 жылға қарай көрсеткіштің өсе беретінін айтады. Мұны ескерген мамандар қазір аурумен күресті мемлекеттік деңгейде жүргізіп жатыр. Бүгінде науқастар тегін дәрі-дәрмек әрі инсулинмен қамтылған. Ал ауруды ертерек анықтау үшін емханаларда тегін скринингтік бағдарламалар жұмыс істеп тұр.

Лаура Даниярова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас эндокринологы:

– 10 жыл бұрын қант диабетіне шалдыққан науқастарды толық ем-доммен қамту үшін 15 млрд теңге бөлінген. Былтыр бұл бағытқа 54 млрд теңгеге жуық бағытталды. Яғни жыл сайын қаржыландыру көлемі өсіп жатыр. Сондай-ақ биылдан бастап ауруды ерте анықтауға арналған скрининг бағдарламасы сақтандыру мәртебесіне қарамастан жүргізіледі.

Қазір емханаларда Диабет мектептері жұмыс істеп тұр. Ал былтыр Алматыда заманауи құралдармен жабдықталған республикалық Эндокринология және диабет орталығы ашылды. Ол науқастарды жан-жақты бақылап, асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Дегенмен мұндай нысандарға жүгінбес үшін мамандар жыл сайын медициналық тексеруден өтуге кеңес береді.

Авторлары: Альмира Оразбай, Бағдар Қайыркен

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz