Қазақстанда бұрын тек шетелде жасалатын күрделі травматологиялық операциялар бүгінде отандық медициналық орталықтарда қолжетімді. Бұл туралы Н.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының травматолог-ортопеді Досбол Ғалымұлы «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.
Роботтандырылған жүйелер мен жасанды интеллект мүмкіндіктері хирургиялық емнің дәлдігін арттырып, науқастардың оңалу уақытын қысқартуға жол ашып отыр. Тіпті бұрын екі тізе буынын алмастыру үшін бірнеше ай күту қажет болса, қазір роботтың көмегімен екі операцияны бір мезетте жасауға мүмкіндік бар.
Бұрын шетелде кезек күтіп немесе түрлі қиындықпен жасалатын күрделі операциялардың басым бөлігі қазір Қазақстанда қолжетімді. Омыртқа хирургиясы, эндопротездеу, артроскопия және күрделі жарақаттарды емдеу бағыттары қарқынды дамып келеді»,– деді Досбол Ғалымұлы.
Сондай-ақ елімізде микрохирургиялық орталық құрылған. Дәрігердің сөзінше, мұндай орталықтар Азияның көптеген елдерінде жоқ. Бұл Қазақстанның медициналық мүмкіндіктерін кеңейтіп, күрделі операцияларды ел ішінде жасауға жағдай туғызады.
Травматологиядағы маңызды жаңалықтардың бірі – жамбас және тізе буындарын робот көмегімен алмастыру технологиясы. Қазіргі кезде мұндай операцияларда импланттың түрі ғана емес, оны орнату әдістері де жетілдіріліп жатыр.
Роботтандырылған жүйе науқастың анатомиялық ерекшеліктерін үш өлшемді форматта бағалап, имплантты барынша дәл орналастыруға көмектеседі. Бұл операцияның нәтижесіне тікелей әсер етеді.
Робот дәрігерді толық алмастыра алмайды. Бірақ хирургке үлкен мүмкіндік береді. Үш өлшемді өлшемдер арқылы әр науқастың анатомиялық ерекшелігін ескеріп, имплантты барынша дәл орналастыруға болады. Соның нәтижесінде операция сапасы артып, науқастың тезірек аяққа тұруына жағдай жасалады, – деп түсіндірді Досбол Ғалымұлы.
Маманның айтуынша, орталықта ірі буындарды алмастырумен айналысатын үш бөлімше бар. Соңғы екі жылда робот көмегімен жасалатын операциялардың саны артып келеді.
Бұрын бір тізе буынын ауыстырғаннан кейін екіншісіне операция жасау үшін кемінде алты ай немесе бір жыл күту қажет еді. Қазір роботтың көмегімен екі тізе буынын бір уақытта алмастыра аламыз. Бұл емдеу процесін оңтайландырып, науқастың оңалуына мүмкіндік береді, – деді травматолог-ортопед.
Отандық травматологияның дамуы шетелдік науқастардың да қызығушылығын арттырып отыр. Бұрын Қазақстанға емделуге келетін шетел азаматтарының саны аз болса, соңғы жылдары бұл көрсеткіш едәуір өскен.
Досбол Ғалымұлының айтуынша, үш-төрт жыл бұрын медициналық көмекке жүгінген шетелдік пациенттердің саны жылына шамамен 20 мың болса, соңғы жылдары 80 мыңға дейін жеткен.
Қазақстанда Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия, Ресей және Еуропаның бірқатар елдерінен келген азаматтар ем қабылдайды. Сонымен қатар Канада мен Қытайдан да науқастар келіп, отандық мамандардың көмегіне жүгінуде.
Бұрын шетелдік науқастарды сирек қабылдайтынбыз. Қазір жағдай өзгерді. Қазақстанға емделуге арнайы іздеп келетін адамдар көбейді. Өз тәжірибемде Канададан, Қытайдан және көршілес мемлекеттерден келген науқастарды емдедім», – дейді дәрігер.
Шетелдік пациенттердің сұранысы әсіресе күрделі операцияларға жоғары. Олардың қатарында омыртқа хирургиясы, жамбас сүйегіне жасалатын оталар, артроскопиялық емдеу және робот көмегімен буын алмастыру операциялары бар.
Жалпы, соңғы 35 жылда Қазақстан медицинасы технологиялық тұрғыдан айтарлықтай жаңарды. Бұрын шетелге баруды қажет ететін күрделі операциялардың ел ішінде жасалуы, роботтандырылған жүйелердің енгізілуі және шетелдік пациенттердің отандық медицинаға қызығушылығы – осы дамудың нақты көрінісі. Ендігі міндет – жаңа технологияларды кеңінен енгізіп, олардың қолжетімділігін арттыру және білікті мамандар даярлау.
Тегтер #медицина #травматология #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz