RU
Толық нұсқаға өту

Антибиотиктерді заңсыз сатқан дәріханалар ₸8,2 млн айыппұл арқалады

23.11.2026, 13:10 22

Елде 80-ге жуық дәріхана антибиотикті дәрігердің тағайындауынсыз саудалап келген.

Тексеру барысында олардың заңсыз әрекеті әшкереленіп, 8 миллион теңгеден астам көлемде айыппұл салынды. Жалпы антибиотик - адам денсаулығына әсері жойқын препарат. Ал оны мөлшерден тыс  тұтыну, ағзаның әлсіреп, сырқаттың ушығуына әкеп соқтыруы мүмкін. Бірақ мұны көпшілік біле бермейді. Ендеше дәрілік заттардың заңсыз айналымына тосқауыл қоюдың тәсілдері қандай?

Алуа Мамышева, ҚР ДСМ Фармация комитеті басқармасының бас сарапшысы:

- Бүгінгі күні Денсаулық сақтау министрлігінің фармация комитетінің аумақтық бөлімшелер мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 426-бабының 1-бөлігіне сәйкес, 79 дәріханаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Антибиотик - бактериялық қабынуға қарсы күресте таптырмас қару. Алайда жұрт арасында оны вирустық инфекция кезінде де, дене қызуы сәл көтерілгенде де өз бетінше тұтыну жағдайлары жиі ұшырасып жатады. Құзырлы орган бақылау тетіктерін күшейтті.

Алуа Мамышева, ҚР ДСМ Фармация комитеті басқармасының бас сарапшысы:

- 2025 жылы 9,5 млн теңге сомасында 59 әкімшілік хаттама толтырылған болатын. Дәрігердің рецептінсіз босатылып жатқан ең жиі антибиотиктердің тізімінде бізде азитромицин және цефтриаксон. 

Дегенмен, бас қалада дәрігердің нұсқау қағазынсыз антибиотиктерді саудалайтын дәріханалар әлі де бар ма? Түсірілім тобымен шағын эксперимент жүргізіп, елордалық дәріханаларды аралап көрген едік. Нәтижесін назарларыңызға ұсынамыз.

Бастапқыда дәріханашылардың бәрі антибиотикті рецептісіз сатудан үзілді-кесілді бас тартты, бірақ сәлден соң...

Дәріханашылардың бірі сұраған дәрімізді ешқандай дәрігердің тағайындауынсыз-ақ сатуға бекінді. Әлбетте «қымбат» деп, қысқа қайырып, сыртқа шықтық.

Назым Кенжебай, тілші:

- Сонымен біз 7 дәріханаға бардық. Соның алтауында антибиотикті рецептісіз сатудан бас тартты.

Мамандардың айтуынша, пандемияға дейін антибиотикке жүгінетін азаматтардың қатары аз еді. Қазір жағдай керісінше сипат алған.

Дариға Жазықбаева, медицина саласының ғалымы:

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша ковидпен ауырған науқастарға 75 пайызына антибиотик тағайындалған екен. Ал одан кейін оны ғалымдар ашып қараса, оның тек 8 пайызына ғана антибиотиктер керек болған екен. Олардың көбінде вирусты инфекция болды да, ал бактериалды асқынуы тек бірнешеуінде ғана болды. Антибиотиктер бір күні жұмыс істемей қалса, біз немен емдейміз бактериялық ауруларды. Ойлаңызшы, ол өте қауіпті.

Дәрілік препаратты жосықсыз тұтынудың салдарынан бактериялар дәрінің әсеріне бейімделіп, уақыт өте антибиотик оларды мүлдем жоя алмайтын жағдайға жетеді. Сондықтан, аталмыш дәрілік заттардың тек рецептімен сатылуына жіті мән беріп, цифрландыру тетіктерін қолданысқа енгізу қажет дейді депутат.

Ажар Қажыбекова, Құрылтай депутаты:

- Заводта шығарған әр антибиотиктік қорабына немесе сырттан алып келген әр антибиотиктің қорабына таңба қою керек. Сол таңба бойынша қазір кьюар кодпен тексеріліп тұрады. Қай дәріханаға түсті, кім алды? База болуы керек. Сол базаға қарап бұл антибиотикті алу үшін рецепт берілді ме, берілмеді ме? Сонда ғана ол сатылуы керек.

Бұл мақсатта Денсаулық сақтау министрлігі келер жылдың екінші тоқсанынан бастап бірыңғай цифрлық модельді іске қосуды жоспарлап отыр. Бұған сәйкес, енді дәрігердің рецептісі электронды түрде бірден сол базаға енгізіліп, дәріханашылар науқасқа сол бойынша ғана дәрілік заттарды сата алады.

Алуа Мамышева, ҚР ДСМ Фармация комитеті басқармасының бас сарапшысы:

- Бүгінгі күні электронды рецепттерді енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Яғни науқас өзінің базада енгізілген электронды рецепті арқылы дәріханаға барып, антибиотикті ала алатын болады.

Бақылау күшейгенімен, деннің саулығы қашанда әр азаматтың өз еншісінде қалары анық. Дәріні талғамай ішу, дерттің дендеуіне түрткі боларын естен шығармаңыз.

Авторлары Назым Кенжебай, Бағдат Қайыркен

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz