RU
Толық нұсқаға өту

Оралдағы оңалту орталығында мыңнан астам адам кәсіби көмек алған

24.11.2026, 15:13 14

Оралдағы былтыр ашылған оңалту орталығында бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар мыңнан астам адам кәсіби медициналық көмек алған. Оның төрттен бірі – кәмелетке толмаған балалар. Арнайы орталық Мемлекет басшысының ерекше қажеттілігі бар жандарға кешенді медициналық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсету туралы тапсырмасына орай салынды, деп хабарлайды 24KZ.

Жылына 2000 жанды қабылдауға қауқарлы оңалту орталығы 1 және 2-топ мүгедектеріне кешенді медициналық көмек көрсетіп, әлеуметтік және психологиялық тұрғыдан қалпына келтіруге жәрдемдеседі. Тек биылдың өзінде 822 адам қызмет алды. 17 жастағы Қарақат – солардың бірі. 3 жыл бұрын жол апатына ұшыраған бойжеткеннің денсаулығына ауыр зақым келіп, төсекке таңылған. Тек биыл арнайы орталыққа келгесін оң өзгерістер байқалған.

Ділназ Сәбитқызы, Қарақаттың анасы:

– «Ақжайық» оңалту орталығы арқасында қызым қайтадан тәй-тәй басып, қадамдар жасап жатыр. Кесте бойынша үшінші келуіміз. Бізде оң нәтиже бар. Қарақат ортаға үйрене бастады. Біздей ем іздеген, ден іздеген адамдарға ауадай қажет. Мұнда заманауи технология бар. Әрбір маман иесі, қызметкерлер мейіріммен қарайды.

Облыста мүмкіндігі шектеулі 25 мың адам бар. Олар бұрын ем алу үшін өзге облыстарға немесе Астана мен Алматыға баратын. Енді ешқайда шықпай-ақ жергілікті жерде білікті көмек ала алады.

Жарқын Ашықова, қала тұрғыны:

– Ем алуға осы орталыққа келіп жатырмыз. Бұрын Ақтөбеге реабилитацияға барғанмын.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған реабилитациялық және оңалту орталығында физиотерапия, гидротерапия кабинеттері, емдік массаж қызметі, емдік бассейн, тұз шахтасы бар. Қызмет алушылардың жеке ерекшеліктеріне байланысты тігін шеберханасы, қолөнер, музыка және басқа да дамыту бағыттары бойынша сабақтар өткізіледі. Бұл жұмыстар адамның күнделікті өмірде өз бетінше әрекет ету мүмкіндігін арттыруға, еңбек дағдыларын қалыптастыруға оң әсер етеді.

Арман Дәулетов, «Ақжайық» реабилитациялау және оңалту орталығының директоры:

– Ғимараттарымыз жаңадан салынған. Барлық мүмкіндігі шектеулі адамдарға келіп кету, жүріп-тұруына толық жағдай жасалған. Оңалту аясындағы шаралар барысында үлкен өзгерістер болды. Жетістіктеріміз бар. Әсіресе балалар жағынан, үлкен кісілер негізі біздің орталығымызға инсульттен кейінгі адамдар түседі. Солардың жүріп кетуіне, сөйлеп кетуіне үлкен септігі тиіп жатады.

Оңалту орталығы бір ауысымда 150 адамға қызмет көрсетеді. Бірақ әзірге мұндағы сырқат саны 100-ден асқан емес. «Орталық толық қуатына жұмыс істеп, өз мүмкіндіктерін барынша пайдалану үшін келешекте тек 1,2-топ мүгедектері ғана емес, 3-топ мүгедектерін де қабылдағымыз келеді», – дейді мамандар.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz