Адам өмірін сақтап қалу үшін қашықтық кедергі болмауы керек.
Қазақстанның санитарлық авиация қызметі дәл осы міндетті атқарып келеді. Биыл «әуе жедел жәрдемінің» құрылғанына 15 жыл толды.
Санитарлық авиацияның мобильді бригадасы кезекті рейске дайындалып жатыр. Науқастың өмірін сақтап қалуға қажетті медициналық жабдықтар бортқа түгел салынуы қажет. Бұл жолы дәрігерлер Алматыдан Шымкентке ұшып, лейкозға шалдыққан 12 жастағы баланы алып келуі тиіс. Оған балалар онкологиясы стационарында арнайы ем қажет. Ұшақ Шымкентке дейін бір жарым сағат ұшады. Қайтар жол да сонша уақыт алады. Ал баланы жолға дайындауға тағы екі-үш сағаттай уақыт қажет.
Меруерт Қалқожаева, санитарлық авиацияның мобильді бригада дәрігері:
- Ең ауыр жағдайымыз - ол біздің нәрестелер, соның ішінде ең терең шала туылған нәрестелер. Аптасы, күні, айы жетілмей, уақытынан ерте туылған нәрестелер — 900 грамм салмақтан, 600 грамм салмақтан. Сол балалардың өздігінен тынысы жоқ, өкпенің жасанды желдендіру аппаратына қосып, жол бойы қажетті көрсеткіштерді бақылап, қажетті манипуляцияларды жасап, келісілген мекемеге жеткізу.
Меруерт Әнуарқызы санитарлық авиация жүйесінде жеті жылдан бері еңбек етеді. Ол Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы Алматы өкілдігінің мобильді бригада дәрігері. Бригаданың қызмет көрсету аймағына еліміздің оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлеріндегі елді мекендер кіреді. Атап айтқанда, Шымкент, Қызылорда, Тараз, Алматы қалалары мен Түркістан облысы. Науқастарға көмек көрсету үшін айына 28 рет ұшқан кезім болды, дейді. Биыл Алматының санитарлық авиация мамандары жүз адамға медициналық көмек көрсеткен.
Ұлбосын Сейдахмет, ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы Алматы өкілдігінің директоры:
- Санитарлық авиация қызметі тәулік бойы, аптасына жеті күн жұмыс істейді. Біз науқастарды тасымалдау, донорлық ағзалар мен биологиялық материалдарды жеткізу, сондай-ақ оқиға орнында мамандардың кеңесін беру және күрделі операция жасау сияқты бірқатар қызмет түрін көрсетеміз. Ол үшін қажетті мамандарды шалғай елді мекендерге жібереміз. Олар сол жерде науқастарға кеңес беріп, қажет болған жағдайда операция жасайды.
Қазақстандағы санитарлық авиация қызметі мемлекеттік және жекеменшік әуе компанияларымен бірлесіп жұмыс істейді. Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазәуеқұтқару»-дың борттарын да қолданады. Әуе кемелері келісім-шарт негізінде тартылады. Жағдайға қарай ұшақтар мен тікұшақтар пайдаланылады. Рейс кезінде науқастың денсаулығы, ұшу қашықтығы, әуе кемесінің техникалық мүмкіндіктері мен ауа райы ескеріледі. Жалпы санитарлық авиация жүйесіне 9 авиакомпания тартылған. Олардың қарамағында 36 әуе кемесі бар.
Меруерт Қалқожаева, санитарлық авиацияның мобильді бригада дәрігері:
- Қазақстанның түрлі өңірлерінен алып келетін болғаннан кейін біздің жұмысымызда арақашықтық, ұшатын арақашықтығымыз да өте маңызды. Жақын жер болмағандықтан сол алыс жерлерден науқастар тасымалдау кезінде біз сол науқастарға жеткілікті, қажетті, дер кезінде жоғары білікті көмек көрсете алуымыз керек.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, биыл сегіз айда Қазақстанның санитарлық авиация мамандары 1495 рет әуе рейсін орындап, бір жарым мыңнан астам науқасқа шұғыл медициналық көмек көрсеткен. Бұл қызметтің тағы бір маңызды бағыты – халықаралық медициналық эвакуация. Осы уақыт аралығында шетелге тоғыз рейс жасалған. Ауыр халге түскен Қазақстан азаматтары Түркия, Италия, Қытай, Таиланд және Ресей сияқты бірқатар мемлекеттен елге жеткізілді.
Авторлары Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев
Тегтер #Қазақстан #санавиация #Жедел жәрдем #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz