RU
Толық нұсқаға өту

Медицина қызметкерлерінің мәртебесі туралы заң жобасы талқыланды

28.11.2026, 19:12 16

Қазақстанда медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі туралы заң жобасы әзірленіп жатыр. Оның бастамашысы – Құрылтай депутаты Дана Медеуова. Құжаттың басты мақсаты – дәрігерлердің құқықтық қорғалуы мен әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету. Ал ел азаматтарына сапалы медициналық көмек алуына жағдай жасау. Денсаулық сақтау жүйесіндегі мәселелермен күнделікті бетпе-бет келетін мамандар аталмыш өзгерістерді талқылау үшін Астанада жалпы республикалық дөңгелек үстелге жиылды. Ашық диалогқа елдің 20 өңірінен медицина қауымдастығының өкілдері қатысты. Олар өз тәжірибелерін ортаға салып, ұтымды ұсыныстарын айтты, деп хабарлайды 24KZ.

Заң жобасы медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі, құқықтық қорғалуы мен әлеуметтік кепілдіктеріне қатысты мәселелерді бір арнаға тоғыстырады. Құжаттың бастамашысы, Құрылтай депутаты Дана Медеуованың айтуынша, заң жобасын әзірлеу кезінде дәрігерлердің пікірін ескеру маңызды. Сондықтан бұл жолы талқылау сарапшылар ортасымен шектелмеді. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен тәжірибелі медицина мамандары мен ұйым басшылары қатысты.

Дана Медеуова, Құрылтай депутаты:

– Бүгін отырысқа еліміздің барлық өңірлерінен дәрігерлер онлайн қатысты. Көптеген ұтымды ұсыныстар айтылды. Дәрігерлердің мәртебесін арттыру – бұл әр азаматтың сапалы медициналық көмек алуына жағдай жасау. Ал дені сау ұлт – қуатты мемлекеттің негізі.

Жиынға еліміздің 20 аймағынан сала өкілдері қатысып, көкейдегі сауалдарын қойды. «Медицина мамандарының құқықтық мәртебесін нығайту – әрбір азаматқа қауіпсіз әрі сапалы көмек көрсетудің кепілі», – дейді «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов.

Нұрсұлтан Байтілесов, «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары:

– Бүгінгі отырыс Қазақстанның барлық өңірі өкілдерінің ұсыныстары тыңдалды. Медициналық қызметкерлер еліміздің стратегиялық ресурсы екенін дұрыс қабылдауымыз тиіс. Яғни еліміздің әл-ауқатының күшеюі, экономикалық дамуы ең бірінші ұлт саулығынан басталады. Сондықтан да медицина қызметкерлеріне ерекше статус беру туралы біздің «Әділет» партиясының фракциясының депутаты, Құрылтай депутаты Дана Теміртайқызы Медеуованың бастамасымен басталды. Бұл мәселе тек қана медициналық қоғамның емес, халықтың сұранысымен жасалып отырған үлкен жауапты қадам.

Аталған өзгерістердің түпкі мақсаты қазақстандықтардың денсаулығын қорғау және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру. Осы ретте жоба жетекшісі Дана Медеуова құжат медицина қауымдастығының нақты қажеттіліктерін ескере отырып әзірленуі тиіс деді. Жиында айтылған барлық ұсыныс жан-жақты зерделеніп, заң жобасын одан әрі пысықтау барысында назарға алынбақ.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Жандос Битабаров

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz