Шымкентте «Таза бейсенбі» акциясы аясында көпқабатты тұрғын үй секторының төңірегі тазартылды, деп хабарлайды 24KZ.
«AMANAT» партиясының бастамасымен экобелсенділер қураған ағаш бұталарын қырқып, шашылған қалдықтарды жинады.
Жалпы 100-ге жуық адам экологиялық науқанға үлес қосты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, тазартылатын аумақтар тұрғындардың өтінішіне қарай таңдалады. Әлеуметтік желіде пост жарияланып, олардың талап-тілегі сараланады. Кейін ауыр техникалар мен арнайы құрылғылардың көмегі арқылы сол жерде акция өткізіледі. Оның нәтижесі интернет парақшасында жарияланады.
Айта кетейік, жалпы маусым айынан бері «Таза бейсенбі» акциясына 3 мың адам жұмылдырылып, 15 тоннадан астам күл-қоқыс шығарылды.
Мақсат Жолдасбеков, «AMANAT» партиясы Еңбекші аудандық филиалының атқарушы хатшысы:
- Қоршаған ортаға құрметпен қарау, өзіміздің өмір сүретін ортамызды таза ұстауға шақыру – негізгі идеямыз. Халық осыны көріп, өзінің ортасын шашпай, қоқыстарды тиісті орындарға тастау әдетін бойына сіңірсе деген ниет бар. Міне, осы ниетпен акцияны әр аптада өткізіп жатырмыз.
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz