«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері Жайық өзені жағалауынан 3 тоннадан астам қоқыс жинады, деп хабарлайды 24KZ.
Аталған оқу орнында тазалық акциясы 2 бағытта жүргізіледі. Оның бірі – экологиялық мәселелерді шешуге арналған инновациялық жобалар. «Экос» экологиялық үйірмесінің «Шыны қалдықтарын пайдалана отырып, эпоксидті шайырдан бұйымдар жасау» жобасы стартап жоба ретінде қаржыландырылмақ. Бұл теориялық білімді практикамен ұштастырудың үздік үлгісі және «Таза Қазақстан» бастамасына қосқан елеулі үлес. Сондай-ақ студенттер университет аумағына жататын 3 шақырымдық өзен жағалауын ретке келтіреді. Бүгін 100-ден астам белсенді жас тазалық вахтасына шықты.
Жәнібек Ғалым, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің баспасөз хатшысы:
- Әр бейсенбі сайын «Таза бейсенбі» деген акция ұйымдастырылып, тазалыққа мән беріп келе жатырмыз. Бұл бастама арқылы біз университет студенттеріне, жалпы қоғамға тазалықты белгілі мекемелер ғана емес, жалпы әр азамат өзі сақтай білуі деген ұғымды қалыптастырғымыз келеді. Мұнан бөлек, ғылыми тұрғыда да студенттер қоқысты қалай жоюға болады және оны қалай кәдеге жарату керек деген мәселені де ғылыми тұрғыдан зерттеп, жетекшілері арқылы жүзеге асырып бастадық.
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz