RU
Толық нұсқаға өту

Биыл Ақтау теңіз порты тереңдетіледі

01.04.2025, 21:12 587

Каспий теңізінің таяздануы – жағалау тұрғындары үшін ғана жағымсыз жаңалық емес.

Экономикаға да белгілі бір деңгейде кері әсерін тигізеді. Су жолын Транскаспий халықарлық көлік дәлізінің бір тармағы десек, теміржолдан жеткен жүк бұрынғыдай көлемде тиелмейді. Инвесторлардың да инфрақұрылымдық жобаларға қатысу құлшынысын төмендетіп отыр. Бірақ, порттарды дамытудың 2028 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданған. Бүгінгі хәл мен ертеңге жоспар қалай?

Батыста «бүкіл әлемді порттар байланыстырады» деген байлам бар. Соған қарап мұхитқа шыға алмасақ та, мұртымызды балта шаппайды,-деп шамаладық. 

Бірақ теңіз тартылып, жүк кемелерінің жүктемесі кеміді. Енді қам қылмаса ойдағы орындалмай, тасымалдан түсетін табыс ортайып қалады деген қауіп бар. 

- Кемелердің жүк көтеру қабілетін 70-80 пайызға ғана қолданып отырмыз. Оған бірден-бір себеп – Каспий теңізінің тартылуы. 

Гайдар Әбдікерімов, көлік және логистика саласының сарапшысы:

- Бұрынғы кезде 400 мың км.ге жететін теңіз беті бүгінгі таңда 310-ға түсіп отыр. Сондықтан бұның бәрі жүк тасымалына әсерін тигізбей қоймайды. Бұның алдын алып, су институттары, ғылыми институттармен бірге Каспий теңізінің циклдық жүйесін бәрін қарастырып, порттардың барлығын қайта құру жұмысын жүргізу бізге аса қажеттілікті туындатып отыр.

Мәселе біздің елде ғана өзекті емес. Теңізді тел емген Әзербайжан да әбігер үстінде. Құрық пен Баку порттары арасында Ro-Pax типтік паромдардың өткізу көрсеткіші төмендеген. 

Теміржол цистерналары 22%-ға, вагон жөнелту 10%-ға қысқарған. Сосын Түрікменбашы – Баку бағытында да қарқыннан гөрі қалу басым. Теміржол цистерналары 37%, ал, вагон тасымалы 19%-ға азайған. Ел сарапшылары болса кемелердің келім-кетім шығындарын есептеп берді. Экипаж, сосын жанар-жағармайы бар. 10 вагон 690 тоннаға пара-пар. Бұрын бір бағыт 1 мың доллар болса, қазір 1200 доллар. 25% қымбаттады.  

Салдарынан өнімдер бағасы өседі. Одан бәсекелестік бәсеңдейді. Салы суға кеткендерге әзербайжандық сарапшы кеңес берді.

Каспийдің таяздануы – қайталанбалы құбылыс. Сондықтан порт логистикасы қаққан қазықтай қозғалыссыз қалмай,  технологиялық тұрғыда икемделу керек.  

Чингиз Исмайлов, Баку мемлекеттік университетінің Экономика және әлеуметтік кафедра меңгерушісі, профессор: 

- Ең әуелі бұндай тартылу болып тұратынын қаперден шығармау қажет. Судың төмендеп кеткені пәлендей проблема емес. 10 жылда қайта толады. Яғни, теңіз деңгейі 3 метр әрі-бері құбылып тұрады. Соған қарай порттарға икемді технологиялық жағдай жасау керек. Әйтпесе, әр тартылған сайын акваторияны қазып, топырағын шығаруға инвестиция тартып шығындаламыз. 

Сонда тың мүмкіндік деп жүрген Транскаспий халықарлық көлік дәлізінен көрік кете ме? Әлбетте, оған жол берілмейді. Өйткені, осы орта дәліз – Орталық Азия үшін сыртқы нарыққа шығар жол. Қытайды да қызықтырады. Қысқасы Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпір. 

Былтыр Ақтауда да, Құрықта да 7,7 млн тонна жүк қайта тиелді. Оның 2 млн тоннасы Құрық болса, қалғаны Ақтау. 

Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:

- Биыл осы көрсеткішті 8,6 млн тоннаға көтереміз деп жоспарлап отырмыз. Бұл жерде 2 порттың акваториясын тереңдетіп қана бұл көрсеткішке жете алмайсыз. Транскаспий бағыты ғой, орта дәліз деп аталады. Транскаспийдің бойында атқарылып жатқан жұмыстың барлығы бізге септігін тигізеді. СКЛ Биыл Қызылжар-Мойынтының құрылысы басталады. Ал, Қызылжар-Мойынты Транскаспий бағытын 150 шақырымға қысқартуға мүмкіндік береді. 

Құрық портындағы су тереңдігі былтыр 5 жарым метр болған. Түбі қазылып, 8 мерге дейін жеткізілді. Енді кемелерге кедергі жоқ. Бірақ, Ақтау айлағына аяңдау қиын. Сондықтан теңізді тереңдету биыл осы портта жүргізілмек.

Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:

- Контракт под ключ болған кезде мамандар оны қарайды. Мысалы Жанденол компаниясы жасап берді. Сосын бірнеше жыл күтіп-ұстауға да олар жауапты болады. Сондықтан дұрыстап қарайды. Әйтпесе өз қаражатына жұмысты қосымша атқару керек.

2028 жылға дейін екі портта елеулі өзгеріс болуы тиіс. Кешенді жоспарға сай шетелдік инвесторлар инфрақұрылымдық жобаларды іске асырады. Ақтау портында контейнерлік хаб, мультимодальды жүк және  күкірт пен минералды тыңайтқыштарды ауыстырып тиеу терминалдары салынады.

Осы жобалар бойынша Қытай, Германия, АҚШ және Франциямен арада меморандум бекіген. 

Нысаналы Ығыл, Бағдат Қайыркен

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz