Павлодардың экология және туризм мектебі де Құстар күнін атап өтті.
Табиғат жанашырлары қараторғайлардың азайып бара жатқанына алаңдаулы. Олардың ұясын басқа құстар мекендейтін болған. Бірақ оның нақты себебі әлі зерттелмеген. Оқушылар «Қанатты достар» акциясы аясында қараторғайлардың ұясын іліп, ботаникалық кешеннің аумағын тазартты.
Өңірге сәуір айының ортасына қарай жыл құстары ұшып келе бастайды. Соның ішінде ең бірінші боп көктемнің хабаршысы атанған қараторғайлар келеді. Осыған байланысты экологиялық орталықтың мүшелері жыл құстарын қарсы алуға тыңғылықты дайындық үстінде. Асқар Әбішев қараторғай ұясын ағашқа шегесіз орнату тәсілін көрсетті.
- Принцип рогатки идёт, вот так ставится и вешается.
Асқар Әбішев, агроном:
- Қараторғай ұясын жыл сайын жаңартамыз. Бірақ соңғы кезде олардың саны тым азайып кетті. Ал, олардың ұясын басқа құстар мекендеп жүр. Оның нақты себебін білмейміз. Экологияның нашарлауы, табиғаттың зиянды қалдықтармен ластануы және табиғи апаттар сияқты факторлардың әсері болуы мүмкін деп топшылаймыз.
Экологиялық орталыққа жылына 3 мыңнан астам оқушы келеді. Балалар өсімдіктерді ғана емес, құстарды да қамқорлыққа алған. Қыс мезгілінде жем жашып, көктемде ұя жасауға атсалысады.
Әмира Бейсенбай, оқушы:
-Біз құстарға көмек ретінде құстар ұясын ағаштарға ілеміз. Себебі құстар бізге жылы жақтан ұшып келеді. Құстарға қамқор болуымыз керек. Құстар табиғаттың бір бөлігі. Көбінесе тоқылдық ағаштардың құрттарын жейді.
Құстардың ұясы қарағайларға ілінеді. Жеміс ағаштарына шымшық, торғай, тоқылдақ қонады. Былтыр жапалақ ұя салған. Табиғат жанашырлары құстар күнін маңызды мерекелердің қатарына жатқызады.
Наталья Губар, Экология және туризм орталығының бөлім меңгерушісі:
- Құстардың қоршаған ортаға әкелетін пайдасы орасан. Олар зиянды жәндіктерді, кеміргіштерді жояды. Бұл туралы балалардың білуі өте маңызды. Осындай акцияларды ұйымдастыра отырып оқушыларды құстарға қамқорлық жасауға үндейміз.
«Қанатты достар» акциясы аясында жүзден астам оқушы «Табиғат білгірлері» ойынына қатысты. Сонымен қатар экологиялық-ботаникалық кешеннің аумағын күл-қоқыстан тазартты. Оның жалпы аумағы 3,5 гектарды алып жатыр.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев
Тегтер #Павлодар #экология #туризм #құстар #24KZ #Қазақстан жаңалықтарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz