RU
Толық нұсқаға өту

Кеңгір су қоймасы толды

03.04.2025, 08:18 645

Жезқазғандағы Кеңгір су қоймасы биыл да толды.

Тоғанға екі аптаның ішінде 60 миллион текше метрден астам су келді.

Ұлытаудың басындағы қар ерігенше әлі бірталай су келеді деп болжап отыр Төтенше жағдайлар департаментіндегілер. Қазір олар суды сыртқа ағызып жатыр.

Кеңгір жасанды көлінің жалпы сыйымдылығы 319 млн текше метр. 21 наурыздан бастап мұнда 66 млн текше метр су келді. Қазір су қоймасы 98 процентке толып тұр. Сондықтан артылғаны сыртқа жіберіліп жатыр.

Аслан Арынов, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары:

- 5 және 4-шандорлар ашық тұр. 5-шандора 1 метрге, яғни 8,4 млн текше метр суды жіберуге мүмкіндік бар. 4-шандора жарты метрге ашылған. Ол тәулігіне 4,1 млн текше метр суды жіберуге мүмкіндік беріп отыр. Орташа есеппен 3-8 млн текше метр су тәулігіне қазіргі таңда келіп Кеңгір су қоймасына құйылуда. 

Кеңгір 1952 жылы салынды. Қар суымен толады. Облыстағы 3 қаланың екеуін тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отыр. Ірі кәсіпорындар да шаруашылық суын осы жерден алады. Ұзақ уақыт жеке компанияның басқаруында болған стратегиялық нысан жақында мемлекет меншігіне өтті.

Аслан Арынов, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары:

- Гидротехникалық құрылғыларды жекеменшіктен республикалық меншікке беру жұмыстары жүргізілген. Қажетті құжаттар қол қойылып, қабылданды. Әрі қарай рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.

Кеңгірден бөлек өңірде ірілі-ұсақты ондаған су қоймасы бар. Олардың бәрінде жағдай тұрақты. Ірі өзендерде де судың деңгейі көтерілген жоқ. Қыста қар мол жауғанымен, жердегі тоңның аздығынан еріген ақ ұлпа бірден жерге сіңіп кетуде.

Есен Байыров, ТЖД бастығы:

- Сарысуда қазіргі уақытта су азайды. Ол жақтан қауіп жоқ. Қаракеңгірден сулар келіп жатыр.оларды біз қабылдап жатырқ. Ешқандай қауіп-қатер жоқ. Бір жағынан бізге ауа райына байланысты болды. ауа райы көмегінің арқасында. Ол күндіз жылып тұрды, кешкі уақыттарда күн суып тұрды. Сол да бізге себеп болды. Сол себепті қатты су келіп жатқан жоқ былтырғыдай. 

Тасқын қаупі жоғары кезеңде өңірде 20-дан астам елдімекен бақылауға алынды. Қазір жағдай тұрақты. Дегенмен, төтенше жағдайлар департаменті жанынан құрылған штабтың жұмысы жалғасып жатыр. Тоғандар мен ірі өзендердің бойына арнайы гидробекеттер қойылған. Сонымен қатар мамандар дронның көмегімен су жолдарын күнделікті бақылап отыр.

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Нұрдәулет Аманкешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz