Орманды қорғау оңай шаруа емес. Ал бір көшетті отырғызып, өсіру үшін ондаған жыл қажет. Мәселен, Жетісу облысының тұрғыны өз ауылының шетін шағын орманды алқапқа айналдырды. Еркін Пидахмет жыл сайын қаламшадан көшет өсіріп сатады. Артылғанын елді мекен маңына егеді. Оның 15 жыл бұрын еккен шыбықтары қазір Мұсабек ауылын желден қорған, аптап ыстықта күннен сая болып тұр.
Еркін Пидахмет көктемнің әр күнін қалт жібермей, қаламшаларды дайындап жатыр. Биыл ол көк теректің 15 мың данасын өсірмек. Көшеттері тамыр жайғанда алыс-жақын аймақтарға жібереді.
Еркін Пидахмет, Мұсабек ауылының тұрғыны:
- Ауыл әкімі көрсетіп тұр. Алты гектар жерді. Ағаш ек деп. Қалғанының өз клиенттері бар. О жақ бұ жақтан шығарып берсең деген. Атырауға 1500 штук, Өскеменге 1500 штук жіберем. Ары қарай жағдай жар беріп жатса, келесі жылы да көбейтіп еге берем.
Елдегі орманды алқапты ұлғайтуға үлес қоссам деген азамат атамекенге 2010 жылы табан тіреді. Содан бері мал өсіріп, егін егіп, ағаш егуді кәсіп етіп келеді. Ол осы күнге дейін 4 гектар жерді жасыл желекпен көмкерілген аумаққа айналдырды.
Зейнел Дүйсебайұлы, Мұсабек ауылының тұрғыны:
- Мынау ауылға тиіп тұрған пайдасы қалың егіндік бар ғой. Осы егінге өтетін малды да қорғайды. Жазда шалдар, кемпірлер келіп, мынаның ішін аралап жүріп, бір мезет демалып қайтамыз. Қазір енді саябаққа айналды ғой. Желге ықтың ғой. Құмға жақын ғой. құмды тосады.
Еркін Пидахмет ағаш өсіруді Қытайда үйренген. Бала күннен бері жұмысын жалғастырып отырған шаруа «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына да үнемі атсалысады.
Ербол Жоламанұлы, Мұсабек ауылдық округінің әкімі:
- Шамамен 200-300 түп көктеректен отырғызамыз. Тағы да басқа да ағаштар, қылқанжапырақтар жылда отырғызып жатырмыз. Осы кісілерден алып, ауылға көркейту үшін егіп жатырмыз. Еркіннің енді біз көмегін көрсетеміз. Бірлесіп жұмыс істейміз. Сенбіліктер ұйымдастырып береміз.
Шаруа: «кКлешекте көшеттерді көптеп егіп, орманды алқапты өндірістік деңгейге дейін жеткізсем», – дейді. Сол кезде жуан әрі ұзын теректерден сапалы құрылыс заттарын шығаруды жоспарлап отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов
Тегтер #Жетісу облысы #ағаш егу #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz