RU
Толық нұсқаға өту

Биыл Атырауда 50 мыңға жуық тал егіледі

06.04.2025, 13:25 891

Шаһарды көгалдандыруға арналған бағдарламаға қалалық әкімдікпен қатар ірі мұнай компаниялары да үлес қосады.

Арнайы ғылыми институттың мамандары қаланың құнарлы аумағын анықтады.

Орманшы Мәди Есқалиев қазір осы тұқымбақта жас көшеттерді өсіріп, күтіп баптайды. Қаланың көркін келтіріп тұрған түрлі тал-терек – өзінің маңдай тері. Зейнеткер гүл өсірудің де қыр-сырын меңгерген. Тұқымбағында 100 мыңға жуық көшет, ал жылыжайында 60 мыңға тарта гүл бар. Өңірдің топырағы кез келген ағашты өсіруге қолайлы, - дейді кәнігі маман.

Мәди Есқалиев, орманшы:

- Талдардың 20 шақты түрі бар. Тополь, клен, ясен, қара ағаш, катальпа, барбарис, аморфа, можжевельник бар аздап. Жылына шығармағанда 20-30 мың тал шығарамыз ғой. Бұл – минимум. Бәрі жерсінеді. Себебі привозной ештеңе жоқ. Бәрі жергілікті. Мен осы қаладан парктерден сыпыртып жинатып аламын тұқымды. Сосын олар жақсы суарылған жер, кішкене құнарлы ғой. Тұқымы жақсы болады. Солардан аламыз.

Биыл қала аумағына 50 мыңға жуық көшет егіледі. Олардың жайқалып өсіп кетуі үшін мамандар құнарлы аумақтарды анықтаған. Орталық көшелерден бөлек, білім және спорт нысандарының ауласы, қалаға кіреберіске ағаштар егіледі.

Мәулен Саламатов, қалалық ТҮКШ бөлімі секторының бас маманы:

- Жеке кәсіпкерлер тарапынан және ірі мұнай мекемелері тарапынан демеушілік арқылы жасыл желектер отырғызу жоспарлануда. Атырау қаласында құнарлы жерлер белгіленген. Солардың қорытындысына сәйкес, қала әкімдігі қызметкерлерімен және комиссия мүшелерімен зерделеніп, осы құнарлы жерлерді пайдаланып, арнайы жерлерге ағаштар егіледі.

Облыс орталығында 100 мыңнан аса тал-терек өсіп тұр. «Атырау қаласын көгалдандыру» жобасы аясында мердігер оларды күтіп-баптауға міндетті. Қазір қала аумағында ағаштарды санитарлық бұтау, кесу, түбін әктеу, саябақтар мен көшелерді қоқыстан тазарту жұмыстары жүріп жатыр.

Леонид Задерный, "Атырау қаласын көгалдандыру" жобасының жетекшісі:

- Биыл жоспар бойынша 95 мың теректі күтіп баптаймыз. Түбін қопсытып, тыңайтқыштар береміз. Зиянкестерді улаймыз. Сонымен қатар 183 мың шаршы метр көгалды баптау жүктеліп отыр. Бұл жұмыстар да жақсы нәтиже беріп келеді. 

Атыраудағы ретро-саябақ та қалпына келтіріле басталды. Бірнеше жыл қараусыз қалған нысан былтыр сенімгерлік басқаруға берілді. Қазір суару жүйесі жаңартылып, көгалдандырылып жатыр.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz