Құстар күзде жылы жаққа ұшып кетіп, ерте көктемде қайтып оралады. Оны білеміз. Бірақ мыңдаған шақырымды ұшып өтетін нәзік жаратылыс иелері жолды қалай табады? Жалпы олар немен қоректенеді?
Сосын құстардың жылы жаққа ұя салуының өзіндік сыры да бар екен. Бұл суықтан қорқу емес.
Құстар жұлдыздарға қарап жол табады
Құстардың бағытынан жаңылмауы қазіргі GPS технологияларымен бәсекелесе алады. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген. Әуелде ғалымдар құстардың ұшу бағыты оның түйсігіне байланысты деп ойлады. Алайда кейінгі зерттеулер құстар ұшу кезінде бірнеше әдісті пайдаланатынын көрсетті. Мәселен, күндіз кей құстар өзен, тау, ормандарға сүйеніп бағыт табады. Ал түнде ұшатын құстар жұлдыздарға қарап жол табады. Тағы бір таңғаларлық дерек – иіс сезу. Әсіресе теңіз құстары мұхитта планктон сияқты иісті заттарды сезіп, бағыт алады. Олар үшін иіс – көрінбейтін жол сілтегіш.
«Кей құстар алғашқы миграция кезінде ересек құстарды бақылап, қайда, қалай ұшуды үйренеді. Ұшу кезінде олардың бұлшықеттері қатайып, асқазаны кішірейеді. Сондай-ақ олардың әрқайсысы әртүрлі қоныс аударады. Кейбірі топпен, енді бірі жалғыз ұшады», — Хизер Уотс, биолог / Вашингтон штаты университеті.
Құстар жердің магнит өрісін сезеді
Қазірде ғалымдар кванттық гипотезаға көбірек жүгінеді. Бұл теория бойынша құстың көзінде көгілдір жарыққа сезімтал ақуыз бар. Жарық түскенде бұл ақуыз кванттық жұп түзеді де магнит өрісінің өзгерістеріне реакция береді. Бұл құстардың ең жұмбақ қабілеттердің бірі – Жердің магнит өрісін сезіну. Мұны ғалымдар «алтыншы сезім» деп те атайды. Құстар осы магнит өрісінің сызықтарын карта ретінде пайдаланады.
Құстар жылы жаққа түнде ұшады
Әлемдегі 11мыңнан астам құстың 2 мыңға жуығы мыңдаған шақырымды еңсеріп, қоныс аударады. Олардың жылы жаққа ұшуының басты себебі – тамақ табу. Яғни қыста тамақ табу қиын болғандықтан, жылы жаққа барып азықтануға тура келеді. Сондықтан ең алдымен құрт-құмырсқа, шыбын-шіркеймен қоректенетін құстар жолға шығады. Орта Азиядағы, оның ішінде Қазақстандағы құстардың көбі Оңтүстік-Шығыс Азияға, тропикалық ормандарға қарай ұшып кетеді. Жалпы құс атаулының шыққан жері – Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азия. Осы өңірден шыққан құстар біртіндеп дүниежүзіне таралып, орныққан аймақтың климаты мен географиясына бейімделген. Құстардың жылы жаққа адаспай ұшып баруының сыры да осында. Олар үшін Африка мен Оңтүстік Азия – геолокация.
«Құстардың көбі негізінен түнде ұшады. Оны түнгі дыбыстарды жазу кезінде байқадық. Бұл орнитологтарға осы құстардың мінез-құлқын және бағытын жақсы түсінуге көмектесетін қызықты әрі маңызды сәт. Олардың дауыстары бірнеше функцияны қатар орындайды. Бұл құстар арасында өзара байланыс құралы ретінде қызмет етеді. Орнитологтар осы түнгі дауыстарды зерттеу үшін автоматтандырылған акустикалық жазуды пайдаланады» — Том Ланген, биология ғылымдарының профессоры / Нью-Йорк, Кларксон университеті.
Құстардың тарихи отаны Азия мен Африка болғанымен, олардың мекендеу ортасы қазіргі тіршілік етіп жатқан жері болады. Мәселен, Қазақстанды алайық. Жыл құстарының қысты Азия мен Африкада өткізіп, ал жазда Қазақстанға қайтып оралуының басты себебі – ұя салуы. Яғни олар қазақ даласына келіп, ұя салып, балапан баптайды. Ал жылы жақтың құстары суық өңірден ұшып келген құстарға ұя тұрғызуға мүмкіндік бермейді.
Құстардың технологиядағы рөлі
Адамзат о баста ұшақты құсқа қарап жасады. Метеорологтар қазір компьютерлік модельдеу арқылы турбуленттілікті болжаудың тиімді әдістерін табумен бас қатырып әлек. Ақыры ойлана келе құстарға тоқталды. Зерттеулер құстардың қозғалысы жоғары жылу ағындарының күшін, желдің бағыты мен жылдамдығын анықтауға көмектесетінін көрсетті. Мәселен, Фрегат құсы. Олар бірнеше ай бойы ауада қалу үшін жылу ағындары мен желге сүйенеді және жерден 13 мың фут биіктікте ұшады. Британдық Суонси университетінің зерттеушілерінің дерегі бойынша құстар ұшу жолында кездесетін турбуленттілік туралы деректерді үнемі жинап, қозғалыста метеорологиялық датчиктер ретінде әрекет ете алады.
Тегтер #құстар #шартарап #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz