Қапшағай су қоймасынан ұзындығы 20 шақырымнан астам балық аулау құралдары шығарылды, деп хабарлайды 24kz.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған «Таза су айдыны» іс-шарасына 200 адам қатысты. «Алматы қайық шебері» тобының еріктілері мен «Балқаш-Алакөл» облысаралық балық шаруашылығы инспекциясының және өңірлік табиғат қорғау полициясының қызметкерлері көлді арнайы құрылғылармен сүзіп шықты. Олар Қапшағай су қоймасының балық аулауға тыйым салынған аймағына құрылған ауларды жинап, жағалауды күл-қоқыстан тазартты. «Біз мұндай іс-шараларды ұдайы ұйымдастырып тұрамыз. Өйткені ол Қапшағай су қоймасындағы балық ресурстарының табиғи жолмен уылдырық шашып, көбеюіне оң әсер етеді», - дейді мамандар.
Мұрат Құдайбергенов, облыстық табиғат қорғау полициясының инспекторы:
- Аталған шараның мақсаты – су айдындарын балық аулау құралдарынан тазалау. Алдымызда уылдырық шашу кезеңі, соған дайындық және жағажайды бүгін тазалап, екі тоннаға жуық күл-қоқыс жиналды.
Михаил Дядькин, волонтёр:
- «Таза су айдыны» іс-шарасын «Балқаш-Алакөл» облысаралық балық шаруашылығы инспекциясымен және табиғат қорғау полициясымен бірлесе өткізуді дәстүрге айналдырдық. Өйткені Қапшағай су қоймасында заңсыз балық аулау дерегі тыйылмай тұр. Балықшылар көлге ау құрып, ескірген балық аулау құралдарын жағаға тастап кетеді. Мұндай іс-шаралар су айдындарын таза ұстап, ондағы балық қорын сақтап, көбейтуге көмектеседі.
Тегтер #Қапшағай #экологиялық акция #Таза ҚазақстанPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz