Түркістан облысында Арыс өзенінің жағасы күл-қоқыстан тазартылды, деп хабарлайды 24KZ. Ордабасы ауданы Темірлан ауылы маңында ұйымдастырылған тазалық шарасына аудан әкімдігі мен «AMANAT» партиясы, аудандық орталық ауруханасы мен білім бөлімінің қызметкерлері және жастар мен ардагерлер қатысты.
500-ден аса адам өзеннің екі қапталындағы қалың тоғай ішінде шашылып жатқан пластик ыдыстар мен шыны бөтелкелерді жинастырды. Табиғат аясына демалуға шыққандардан қалған тұрмыстық заттарды қапқа салып, арнайы орындарға шығарды. Сонымен қатар өзен жағасы сынған ағаш бұтақтары мен қураған шөптерден тазартылды. Экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған іс-шараға қатысушылар қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті дамыту, таза, көрікті ортада өмір сүрудің маңыздылығын атап өтті. Тазалық акциясына арнайы техникалар тартылып, 37,5 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Гүлнұр Жапанова, аудандық отбасын қолдау орталығының әлеуметтік қызметкері:
- Бүгін бізде «Таза Қазақстан», «Таза ауыл», «Таза ел», «Таза жер» акциясы жүріп жатыр. Бұл бізде үздіксіз жүреді. Өзіміздің айналамыз таза болса, ауылымыз, еліміз таза болып тұрса, біз мақтанамыз. Сондықтан бүкіл қазақстандықты тазалақ шарасына шақырамын.
Азат Оралбаев, Ордабасы ауданының әкімі:
- Осы өзеннің бойына демалып, отырып, қаншама қоқыстарды тастап кеткен. Соның бәрін тазалап жатырмыз. Біржағы халыққа айтуымыз керек, отырған жерін таза ұстап, тазалап кетуі керек. Қоқысты арнайы орындарға тастауы керек. Бұл тек орталықта ғана емес, 10 ауылдық округте тазалық шарасы ұйымдастырылып, жұмыстар жүріп жатыр.
Тегтер #Түркістан облысы #Таза Қазақстан #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz