RU
Толық нұсқаға өту

Түрген шатқалына ағаш көшеттері егілді

21.04.2025, 21:20 549

«Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағына 100-ге тарта ағаш көшеттері егілді. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық қозғалысы аясында қолға алынған игі шараны Алматы облысының туризм басқармасы мен Visit Alatau туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырды.

Табиғатқа жанашырлық – туризмді дамытудың алғышарты. Маусым сайын Алматы облысы аумағындағы көрікті жерлерді ретке келтіру, жасыл желек санын арттыру – қалыптасқан дәстүр. Бұл жолы облыстық туризм басқармасы мен Visit Alatau туристік ақпараттық орталығы ұлттық табиғи паркі аумағына көшет екті. Енді қылқан жапырақты ағаш, өрік пен алманың көшеттері Түрген шатқалының ажарын аша түспек.  

Айдар Исабаев, туризм басқармасы, Visit Alatau туристік ақпараттық орталығының маманы:

- Мақсаты – Алматы облысындағы көрікті жерлерге көзіміздің қырын салып, табиғатымыздың өркендеуіне көз тартуына үлес қосу және де шет елдерден келетін туристердің алдында біздің табиғатымызды одан әрі дамыту, көркейту. Бұған бүгінгі таңда 50-ге жуық студент Алматы техникалық колледж білім беру орталықтарынан жұмылдырылған.

«Мұндай акциялар жастардың экологиялық мәдениетін, қоршаған ортаға деген қамқорлығын арттырады», – дейді ұйымдастырушылар. 

Қайрат Садық, Visit Alatau туристік ақпараттық орталығы басшысының орынбасары:

- Қазақстандағы ең әдемі туристік жерлер Алматы облысында орналасқан. Тау да, өзен де, орман да қолжетімді, өте жақын. Сондықтан осы кереметті әлем білсін деп бар күшімізді салып жүрміз. Туристерді тарту үшін түрлі көрмелерге қатысамыз. Қазақстанның әсем жерлерін тамашалауға Үндістан, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Еуропа елдерінің туристері қызығушылық танытады.

Былтыр Алматы облысына 134 мыңнан аса шетелдік турист табан тіреген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 60%-ке көп. Өңірде инфрақұрылымды дамытуға, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және табиғи-мәдени мұраларды насихаттауға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz