RU
Толық нұсқаға өту

Іле жағалауынан 30 тонна қоқыс шығарылды

21.04.2025, 21:40 438

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Іле өзенінің жағалауынан бір күнде 30 тонна қоқыс шығарылды. Қонаевтың белсенді жастары мен жергілікті мәслихат депуттаттары «Көшпенділер қалашығының» маңындағы 6 шақырым аумақты тұрмыстық қалдықтан тазартты. Бұл жолғы іс-шараға 600-ге жуық адам қатысты.

Іле өзенінің жағалауына туристер жиі барады. Демалушылар «Көшпенділер» фильмі түсірілген қалашық пен «Таңбалы тас» шатқалындағы петрогифтерді тамашалайды. Өзеннен балық аулап, әсем табиғат аясында қайықпен сейіл құрғанды ұнатады. Бірақ бақылаудың жоқтығынан айналасына қоқыс тастап кетеді.

Диана Жандыбаева, студент:

- Қыдырып, демалып қайтады, бірақ арттарын жинамайды. Бұрынғы біздің бабаларымыз жатқан жер ғой дегенмен. Сол жердің қадірін білмейді.

Таңшолпан Ешмұхамбет, студент:

- Бұл жер бізде өте қасиетті жер болып келеді қазақ елінде. Бұл жерде фильм түсірген ботатын «Көшпенділер» фильмін және жақын жерде «Таңбалы тас» орналасқан. Бұл жер киелі болғандықтан, біз бұл жерді тазартып тұруымыз керек. Өзіміз үшін ол, басқа біреу үшін емес.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысушылар Іле өзенінің бойынан 30 тонна қоқыс жинады. Ал «Таңбалы тас» петроглифтері орналасқан аумақтан былтыр 10 тоннадай тұрмыстық қатты қалдық шығарды.  

Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:

- Қарасаңыздар, қазір туристік маусым басталып кеткен. Біз оған дайын болуымыз керек. Жинастырып осы жерді, бір жағынан ескерткішті, екінші жағынан табиғатты таза ұстауымыз керек.

Қатысушылардың айтуынша, жиналған қалдықтың басым бөлігі – пластик пен шыны бөтелкелер және тағам қалдықтары. Бір күндік іс-шарамен мәселе түбегейлі шешілмейді. «AMANAT» партиясының мүшелері онда қоқыс тастайтын жәшіктер мен бейнебақылау камераларын орнатып, құқықбұзушыларға әкімшілік жаза қолдану қажет екенін айтты.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz