«Таза Қазақстан» экологиялық фестивалі аясында Астанада қайта өңдеуден өткен тауарлар көрмесі ашылды, деп хабарлайды 24kz.
Қоқысты сұрыптау мен қайта өңдеуге ден қойған компаниялар өз жұмыстарын көпшілікке ұсынды. Онда пластик бөтелкелер, батареялалар, киім-кешектерді кәдеге жарату жолдары көрсетіледі. Көрмеде оқушылар мен студенттерге танымдық ақпарат беріліп, инновациялық шешімдер ұсынылды.
Қалдықтарды қайта өңдеудегі инновациялық әрі тиімді шешімдердің бірі жиһаз жасауда қолданыла бастады. Яғни, мәрмәр тастың қалдықтары мен полимерді араластырып, одан үстел, шкаф, тіпті төсек орын жасауға болады. Өндіріс кезінде су мен ағаш қолданылмайды. Бұл мықты, арзан, әрі экологиялық таза өнім болып шығады. Бір қызығы, осы материал 100 ретке дейін қайта өңделеді.
Мұхтар Әміров, қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын компания өкілі:
- Бұл біздің материал 80% мрамор тасынан жасалған және 20% пластификат қосылған. Пласификат ол ыңғайлы және пластичный болу үшін. Ылғалға төзімді және өте экологиялық таза материал болып табылады. Былай қарасаңыз, ол кәдімгі картон сияқты да, бірақ та суға ылғалы жоқ және өте қатты болып табылады. 130 келіге дейін шыдай береді. Және де біз осындай экобокстар дайындаймыз, қоқысты сұрыптау үшін.
«Мұндай жобалар тұрмыстық қалдықтарға екінші өмір сыйлайды. Тонналап жиналған қоқысты азайтады. Елдегі экологиялық ахуалды жақсартып, жас ұрпақты қоршаған ортаға ұқыпты қарауға үйретеді», - дейді ұйымдастырушылар.
Ақбота Ғалымжанова, студент:
- Табиғатты аялау мақсатындағы көптеген өндірістік жобалар, сонымен қатар қоқысты өңдеу, балаларға, бүлдіршіндерге арналған эко әлем ойындары, сонымен қатар өзендерді тазарту – мұның бәрі Мемлекет басшысы айтқандай, «Таза Қазақстан» біздің бір күндік науқан емес, бұл біздің өмір салты, сол себепті бұндай көрмелер бастау алғанына, біз жастар, әрдайым қуанамыз. Және де бұл бастамаларды жасауға, дамытуға біз әрдайым дайынбыз деп айта аламын.
Диана, студент:
- Керемет әсер алдым, әрбір кішігірім павильонға кіріп қалған кезде мен өте қатты қуандым. Себебі бізге таныстырушы кісілер жаңа заттар көрсете бастады. Олар батареяларды қайта өңдейтін зауыттар аша бастады. Әлемде мысалы 20 зауыттары бар екен. Және Қазақстанда 2 зауыт ашылыпты.
Ғазиза Мұғамеджанова, тілші:
- Ал бұл – кәдімгі құс қауырсынынан жасалған кірпіштер. Қарағандылық кәсіпкерлер құс фарикасының қалдықтарын кәдеге жаратып, дайын өнім шығара бастаған. Оның ішінде құрылыс пен ауыл шаруашылығына қажет тауарлар бар.
Нұрсұлтан Елемес, Құс қауырсындарын қайта өңдейтін компания өкілі:
- Құс қауырсынынан көп материал шығады. Ол құрылысқа арналған блок, тыңайтқыштар және мал азығына қоспалар шығады. Осының бәрі ғана құс қауырсынан шығады. Қазір бір құс фабрикасынан 5 тоннадан астам қалдықтарды алып, мың куб пенабетон шығарамыз, тыңайтқыштар, мал азығына қоспаларды шығарамыз.
10 көрме аймағынан құралған экофестиваль тақырып алуандығымен ерекшеленді. Келушілерге қоқысты сұрыптаудан бастап дайын өнімге дейінгі тізбек толық көрсетіледі. Мақсат – осы инновациялық шешімдердің қолданыс аясын кеңейту. Әрі табиғатты аялайтын, қоқысты сұрыптайтын саналы қоғам қалыптастыру.
Авторлары: Ғазиза Мұғамеджанова, Ақылбек Есімсейітов
Тегтер #Астана #қайта өңдеу #қалдықтар #өнім #көрмеPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz