Қарағай, алма, алмұрт. Бас қаладағы Байқоңыр ауданы жаңа көшеттермен толықты. Бүгін қала орталығындағы Тәшенев көшесі мен Есіл өзенінің бойына 500 түп ағаш егіліп, 3 гектарға тарта аумақта тазалық жұмыстары жүргізілді. Шара «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіп үлгісі» атты ауқымды экологиялық акциясы аясында ұйымдыстырылды.
Байқоңыр ауданында өткен ауқымды іс-шараға 15 мың адам қатысты. Солардың бірі – Құрмет пен Диана Жолбарыс. Күні кеше некесін қиған қос ғашық қала болашағына аз да болса үлес қосып, ағаш екті.
Құрмет Жолбарыс, қала тұрғыны:
- «Таза қала» акциясына өз үлесімізді қосқымыз келіп тұр. Байқоңыр әкімдігі бізді шақырды. Кеше ғана шаңырақ құрдық. Бүгін бірінші күніміз. Тұрып, киініп, келдік көмектесеміз деп.
Ерке Есілдің жағасы, сарқырай ағып жатқан Ақбұлақ өзені. Иә, бұл жерді қала тұрғындары Астананың «жүрегі» дейді. Бүгін сол бас қаланың қақ ортасына 500-ге жуық ағаш егілді. Оның 100-ге жуығы жеміс береді.
Нұрбол Айтбеков, Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары:
- Елордада миллионнан аса ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Қазір ол жұмыстардың барлығы жалғасып кетті. Оның ішінде біздің ауданымыз Байқоңырда 5 мыңнан астам ағаш отырғызу жұмыстары жоспарланып отыр. Осы жерден бөлек, басқа да жерлерде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Үлкен ауқымды акциялар 4 рет ұйымдастырылады.
Елордадағы ағаштар мамандандырылған тәлімбақта өсірілген. Енді оларды арнайы агрономдар күтеді. Сондай-ақ жылына үш рет ауылшаруашылық іс-шарасы ұйымдастырылады.
Авторы: Әлішер Әли
Тегтер #жарнама #Таза Қазақстан #Астана #ағаш егу #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz