Павлодар өңірінде Ертіс өзені тасып 300 мың гектар жерді су басты.
Бұл жағдай маса мен шіркейдің, өзге де қансорғыш жәндіктердің көбеюіне сеп болып тұр. Қазір аудандарда дезинсекциялық шараларды күшейтті.
Тіпті қансорғыштардың таралуын тежеу үшін арнайы авиация тартылған. Өзен маңындағы орман-тоғайлар, шалғындар мен су жағалаулары әуеден, судан және жерүсті техникасымен өңделіп жатыр.
Ертіс өзенінің жайылуы облыстың оңтүстік шығыс бөлігінен бастау алады. Алқаптарды шыбын-шіркейлерге қарсы өңдеу жұмыстары судың ағысына қарай жоғарыдан төменге қарай жүргізіледі. Биыл әуе арқылы өңделетін аумақтың көлемі ұлғайған.Ұшақтар қазірдің өзінде 50 рейс жасап үлгерді.
Сұлтан Асқаров, Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы:
- Биыл бізде әуе арқылы өңделетін алқаптардың көлемі айтарлықтай өсті. Егер біз 2024-ші жылы 127 мың гектер жерді өңдеген болсақ, осы жылы 172 мың гектар алқап қансорғыш жәңдіктерге қарсы дәріленеді. Қоршаған ортаға залалы тимейтін биологиялық препаратты қолданамыз. Ол тек маса мен шіркейдің дернәсілдеріне әсер етеді.
Бүгінгі таңда негізгі жұмыс Ақтоғай, Павлодар ауданы мен Ақсу қаласының ауылдық аймақтарын қамтып отыр. Жәндіктердің дернәсілдері толық суда жетіледі. Суы таяз тоған-көлдер мен өзен сағалары қолмен өңделеді. Ғылыми-сүйемелдеу тобы барлық су қоймаларын бақылауға алған.
Дәулет Ибраев, ғылыми топтың жетекшісі:
- Біз күн сайын аудандарға барып, тұрақты түрде мониторинг жүргіземіз. Жәндіктердің табиғи даму сатысын зерттейміз. Судың температурасын өлшеп, сынама аламыз. Біздің облыста қансорғыш жәндіктердің жаппай қанаттану кезеңі біркелкі емес. Судың ағысына байланысты болады. Шіркейлер әдетте мамырдың 20-сына қарай ұша бастайды.
Ертіс өзенінің бойында орналасқан барлық аудандарда маса мен шіркейлерге қарсы кешенді өңдеу жұмыстары қолға алынды. Бұл мақсатта арнайы биологиялық «Бактецид» препаратының 182 мың келісі сатып алынды. Мамандардың айтуынша, бұл шаралардың тиімділігі 90 пайыздан асады деп күтілуде. Дегенмен, жәндіктерді толық жою мүмкін емес. Бірақ олардың санын күрт азайтып, тұрғындардың жайлылығын қамтамасыз ету — басты міндет.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев
Тегтер #Павлодар облысы #масамен күрес #24KZ #дезинсекция #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz