RU
Толық нұсқаға өту

Биыл оңтүстік өңірлерде су тапшылығы болуы мүмкін

13.05.2025, 19:31 469

Жер емген шаруаларға қолдау бар.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарына биыл қазынадан 700 млрд теңге бөлінді. Тұқым мен техникада тапшылық жоқ па екен? Шаруаларға дер кезінде көмек көрсетіліп жатыр ма? 

-Көктемгі дала жұмыстары бел ортасынан асты. Жауаптылардың сөзіне сенсек, тұқым мен техникада тапшылық жоқ. Ал тыңайтқышты субсидиялауға Үкімет биыл қосымша 48 млрд теңгеден астам  қаржы бөлген. Қазіргі таңда тыңайтқыш бойынша 991 мың тоннаға келісімшарт жасалып, соның басым бөлігі, яғни 841 мың тоннасы жөнелтілді. Алайда, кей өңірде бұл жұмыс әлі баяу жүріп жатыр. Бүгін Үкімет отырысында осы мәселе көтерілді. Атап айтсақ, Ақмола, Қостанай, Жамбыл мен Қарағандыда тыңайтқыш жеткізу бойынша іркіліс бар.

Ал жалпылай алғанда, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, көктемгі егіс жұмыстары ойдағыдай жүріп жатыр.  Былтыр ел дихандары рекордтық деңгейде астық орғанын білеміз. Шамамен 27 млн тонна. Биыл да сол межеден кем түспейміз деген жоспар болған. Бірақ бір әттеген-ай бар. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша,  биыл еліміздің бірқатар өңірінде қуаңшылық болуы мүмкін. Әсіресе мамыр-шілде айларында елде аптап ыстық орнайды.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Мамыр айында Қостанай облысының оңтүстігінде, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының оңтүстік-батыс жартысында, Қызылорда облысының солтүстік-батыс бөлігінде, Алматы және Жамбыл облыстарының солтүстігінде, Қарағанды облысының оңтүстігінде, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Абай және Түркістан облыстарының жекелеген аудандарында құрғақшылық болжануда.

Жалпы синоптиктер  бұған дейін де жаз жылдағыдан ыстық болатынын айтып, дабыл қақты. Еліміздегі су ресурстарын ең көп тұтынатын сала - ауыл шаруашылығы. Жалпы үлестің 60 пайызы тиесілі. Жыл сайын егіс алқаптарын суаруға 15 текше километр су бөлінеді. Соның 12 текше километрі тұрақты суаруға жұмсалады. Ал оның 98 пайызы еліміздің оңтүстік өңірлеріне атап айтсақ, Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарына тиесілі. Көктемнің жылы болуына байланысты веге-тациялық жұмыстарды жылдағыдан ерте басталған. 

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

- Биылғы вегетациялық маусымның ерекшелігінің бірі – вегетация алдындағы кезеңде топырақ ылғалдылығының жеткіліксіздігі болды. Бұл фактор оңтүстік өңірлердегі су шаруашылығы жағдайына айтарлықтай әсер етті. Топырақтың үстіңгі қабатындағы ылғалдың аз болуына байланысты егістіктердің вегетацияның бастапқы кезеңіндегі суға қажеттілігі орта есеппен 50 пайызға артты. Бұл суармалы көздерге қосымша жүктеме түсіріп, алдағы айларда су тапшылығы қаупін күшейтіп отыр.

Шолуымның соңын жағымды жаңалықпен түйіндейтін. Былтыр елде картоп қат болғанын білеміз. Барының бағасы аспандап кеткен. Ал биыл қалай? Дәл осы сауалды  баспасөз жиынында ауыл шаруашылығы министріне қойып көрдік.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Жалпы былтыр картоп шығымы жақсы болды: 600 мың тоннаға жуығы экспортталды. Ал енді импорттың көлемі 60 мың тонна, экспорттың 10 пайызы ғана. Болған жағдайға байланысты картоп салу көлемін 9 мың гектарға көбейтіп жатырмыз. Сондықтан биыл ондай жағдай болмайды деп ойлаймын.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz