Қостанай облысындағы Әулиекөл орманында алапат өртте күйген ағаштарды кесу ісі алты айдан бері тоқтап тұр.
Жұмыссыз қалған 150-ден астам бригада адамдары қазір не істерін білмей дал. Кәсіпкерлердің айтуынша, биыл кесілетін ағаш учаскелерін аукцион арқылы өткізу тәртібінің енгізілуі осындай келеңсіз жағдай тудырған.
Осыдан үш жыл бұрынғы алапат өртте Әулиекөл ауданында 40 мың гектарға жуық орман алқабы жанып кеткен болатын. Мемлекет басшысы қысқа мерзімде орман ішін тазартып шығуды міндеттеді. Бірден қызу жұмыс басталды. 150-ден астам бригада ағаш кесумен айналысты. Бір Әулиекөлдің басында 70-ге жуық ағаш тілгіш цехтар ашылды. Биыл соның бәрі тым-тырыс. Осы жыл басынан ағаш кесуге тыйым салынған.
Нұрлан Исаханов, кәсіпкер:
- Біз дос баламен аштық үш пилорама, одан кейін тағы да екі пилорама қойдық. Бес пилорама ғой. Соның бәрін ақшаға алдық қой. Жұмысшы адамдар бар. Ағаш жоқ, соответственно жұмыс жоқ.
Бәкібай Омаров, кәсіпкер:
- Тракторларымыздың көбісінікі лизингте. Оның бәрін төлеу керек. Қазір мынау ағаш құлап, шіріп өтпейтін болса, қалады ғой ол мойнымызда. Аукционды күтіңдер дейді. Бітті. Бір әңгіме аукцион. Ал ол аукцион әне болады, міне болады. Сол әлі апрельден бері келе жатыр.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Мамандардың айтуынша, күйген ағашты әрі кеткенде екі-үш жылдың ішінде кесіп алу керек. Одан кейін шіріген ағашты ешқандай кәдеге жарата алмайсың.
Алмат Ерғалиев, кәсіпкер:
- Бұл енді кесіп үлгірмеген ағаштар ғой. Үш жыл болды, үш жылдан кейін құлайды осылай, астынан шіриді ғой. Мынау ағаш ішінде көп бұндай негізі. Қауіпті, бұл адамға да қауіпті.
Семиозер орман шаруашылығы басшысының айтуынша, үш жылдың ішінде от шалған ағаштардың шамамен 30-40 проценті оталған. Әлі де қара күйе, сидиған құр діңгектердің қарасы көп. Енді олар бұрынғыдай келісім-шартпен емес, аукцион арқылы бөлінетін болды.
Қалымжан Қазбеков, "Семиозер орман шаруашылығы" КММ басшысы:
- Негізінде қазір бізде 337 делянка дайын уже, отвод өткізілген бағандары тұр. Перечеттары бар, документтері дайын. Обьемы шамамен 350 мың кубтай. Бәріңізге жетеді. Заң бойынша ғой. Біз бағасын қоймаймыз, оны независимая экспертиза қояды. Бізден құжаттарды алып, қарап, нетіп жатыр.
Аукцион өткізудегі мақсат, жемқорлыққа жол бермеу, ағаш дайындау ісінің ашықтығын қамтасыз ету деп түсіндіреді. Бірақ сол бәсеке сауданың қашан өтетіндігі беймәлім. Бір қуанарлығы, табиғи жолмен жас өскіндер бүр жара бастапты. «Олар тамыр жайып кетуі үшін орман ішін күйген ағаш қалдықтарынан тезірек тазарту маңызды»-дейді мамандар.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг
Тегтер #Қостанай облысы #орман #ағаш #24KZ #Қазақстан жаңалықтарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz