Алматыда жаңарған Сайран көлінің жағалауы қоқыстан тазаланды.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясына, әншілер, актерлер, ақындар мен жазушылар қатысты. Тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаны қорғауға арналған шара қаланың өзге аудандарында да жалғасын тапты.
Жаңарған Сайран көлінің жағауында тұрғындар серуендеп, суға түсіп жүр. Экологиялық шараға жиналғандар көл жағасындағы пластик қалдықтарды жинап, балдырдан тазалады.
Олардың арасында Жұбаныш Жексенұлы, Кеңес Әлімжан сынды әншілер, Камалия Байтілеуова, Бақыт Тұшаев бастаған актерлер және Қазақстанның халық жазушысы Ұлықбек Есдәулет, Мұратхан Шоқан сынды қаламгерлер де бар. Өнер адамдары тұрғындарды табиғатты аялауға шақырды.
Жұбаныш Жексенұлы, әнші:
- Барша қала тұрғындарын, баршамызды осындай қаламыздың таза болуына, көп жерде жазылып тұр ғой жаңағы «Қала жалғыз – біз көппіз» сондықтан біз көпішлік жүрген жер өте таза болуы керек.
Экологиялық акцияға жұлдыздардан бөлек әкімдік қызметкерлері, «Жасыл ел» сарбаздары, волонтерлер, комьюнити орталықтардың мүшелері қатысты. Барлығы 1000-нан аса адам болды.
Арман Шамшин, Алмалы ауданының әкімі:
- Кеше біздің үндеуімізді Алмалы ауданының ғана емес, басқа аудандардың тұрғындары да қолдады. Біз осында келіп, табиғатты қорғау бәріміздің ортақ міндетіміз екенін өз үлгімізбен көрсеткіміз келеді. Өйткені Алматы бәріміздің ортақ үйіміз. Табиғатты аялау мен тазалықты сақтау арқылы біз балаларымызға, болашақ ұрпаққа үлгі көрсетеміз. «Бүгін жақсылап тазалық жасайық» деп, алматылықтардың ұйымшыл халық екенін дәлелдегіміз келеді.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясының соңында қатысушылар естелік суретке түсті. Бұл күні мегаполистегі барлық 8 ауданда осындай сенбілік өтті. Оған 11 мыңға жуық адам қатысып, 275 арнайы техника жұмылдырылды. 300 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Аршын Кемелжан, Радик Жакупов
Тегтер #Таза Қазақстан #көл #қоқыс #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz