Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясына 35 мың адам қатысты.
Шомылу маусымы басталғалы әсіресе жағалауларға ерекше назар аударылуда. Мәселен, осы жолы Ұлан ауданындағы Сартымбет көлінің маңайындағы қоқыс жиналды. Себебі бұл жағажай қалаға жақын болғандықтан, демалушылар қатары да көп. Шараға "Жасыл ел" жасағының сарбаздарымен қатар ауыл-аймақ еріктілері де белсене атсалысты.
Сібе, Дұбығалы көлдерімен танымал Ұлан ауданында көз тартарлық жер жетерлік. Тау ортасындағы Сартынбет осы аймақтағы ең тартымды жағалаудың бірі.
Қалаға жақын болған соң демалыс күндері бұл жаққа ағылатын кісі қарасы көп. Кем дегенде 150-200 адам тынығады. Арнайы жабдықталмаған жағажай болғандықтан, тазалығына қоғам боп жауаптымыз,- дейді жас белсенділер.
Бауыржан Бегалиев, Ұлан ауданы жастар ресурстық орталығының директоры:
- Сібе көлі бар, Дұбығалы көлі бар, бірақ ол жерде кәсіпкерлер бар, сол жағалауды жинайтын. Мынау дикий пляж дейді ғой, кәсіпкерлер ешкім жоқ, өз күшімізбен жинап тазарту ойымыз болды.
"Жасыл ел" отрядының 35 сарбазы мен аудан еріктілері әсем табиғаттың көркін кетіріп жатқан әр қоқысты ерінбей теріп шықты. Енді дәл осы қалыпта тұруына осында демалған әр адам жауапты екенін де еске салды.
Назым Саятханова, "Жасыл ел" жастар жасағының сарбазы:
- Бұл акция тұрғындардың экомәдениетін көтереді, арттырады. Сол себепті осы акцияны жүргіземіз және же бізде Ұлан ауданында туризм қарқынды дамыған, осыған байланысты біз жағалауды таза ұстау керекпіз.
Жағалаудан бірнеше сағат ішінде 3 тонна қоқыс жиналды. Жалпы облыста жыл басынан бері Таза Қазақстан акциясына 35 мың адам қатысып, мың тоннадан аса қалдық шығарылды.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов
Тегтер #Таза Қазақстан #ШҚО #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz