RU
Толық нұсқаға өту

Алматылықтар 108 тонна киімді қайта өңдеуге тапсырды

05.07.2025, 13:00 537

Алматы тұрғындары 108 тонна киімді қайта өңдеуге тапсырды.

Денис Лекомцевтің экологиялық жобасы тоқыма бұйымдарды өңдеп, қайта қажетке жаратады. Жоба авторлары қалдықтардың қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсерін мейлінше азайтуды көздеп отыр. Қазір қалада ескі киім, қажетсіз төсек-жабдықтарды тапсыруға арналған 23 контейнер бар.

Киілмейтін киімдер, қажетсіз төсек жабдықтары қазір әр үйден табылады. Орын алып, шаң басқан заттар бір күні қоқысқа тасталатыны жасырын емес. Ал тоқыма табиғатты ластайтын 5 өндірістің қатарына кіреді. Мәселен, қоқысқа тастаған бір келі тоқыма өнім үш келіден астам зиянды зат бөліп шығарады. Дәл осы мәлімет Денис Лекомцевтың киімді қайта өңдеу жобасын қолға алуына түрткі болған. 

Денис Лекомцев, жоба авторы:

- Статистика бойынша Қазақстан аумағында жыл сайын 177 мың тонна тоқыма қалдығы пайда болады екен. Және бұл қалдықтар ешқайда кетпейді.

Біз табиғатты, экологияны, ауаны және суды ластап жатырмыз. Себебі синтетикалық бұйымдар құрамында болатын микропластиктер жер асты суларына түседі. Ал бұл суды құбырлар арқылы өзіміз қолданамыз. Зиянды заттар адам ағзасына жиналады.

Жоба жыл басында іске қосылды. Алматыда қазірдің өзінде киім тапсыратын 23 контейнер орнатылған. Олар қаланың халық тығыз орналасқан "Атакент" көрмесі мен Әуезов ауданында орналасқан. Жәшіктер небәрі 3–4 сағатта толып қалады. Көбінесе киімді 35 жастан асқан адамдар тапсырады. Бірақ соңғы уақытта жастар да бұл бастамаға белсенді атсалысып жатыр. . 

Назерке Ақберді, қала тұрғыны:

- Мен киімдерімді тапсырар алдында әрдайым шарттарын оқимын. Киімдердің сапасына қараймын. Киім жыртық болмауы керек. Сосын аяқ киім, қатты кір заттарды тапсыруға болмайды. Тек қана қайтадан киілетін, қайта өңдеуге жарамды заттарды ғана өзім үйде өңдеп, алып келемін.

Қазір бастапқы қайта өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Жиналған тоқыма бұйымдар алдымен сұрыпталады. Жарамдысы қайырымдылық ұйымдарына немесе киілген киім сататын дүкендерге тапсырылады. Қалғандары қайта өңдеуге жіберіліп, одан шүберек пен жаңа материал дайындалады.

Денис Лекомцев, жоба авторы:

- Мысалы, мында тоқыма емес материалдардың түрлері көрсетілген, олар автомобиль өнеркәсібінде, сондай-ақ дыбыс оқшаулағыш материал ретінде қолданылады.

Сонымен қатар, мысалы, қайта өңделген тоқыма бұйымдарынан жасалған термоталшықты матрас өндірісінде пайдалануға болады.

Жақында Алматыда тағы 17 ескі киім тапсыратын контейнер орнатылады. Ал болашақта бастама авторлары толық қайта өңдеу желісін жолға қоюды көздеп отыр. 

Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz