Атырау облысы Мақат ауданында мұнай шламдарын жинап, жоюды міндетіне алған мекемеге экология департаменті 37 млрд теңге айыппұл салды, деп хабарлайды 24kz.
Алайда жауапты компания мемлекетке түсетін қыруар қаражатты төлемей жалтаруда. Мақат пен Доссор кентінің ортасына жиналған қара май қалдықтары көлге айналып, мал өрісін ластап жатыр. Тұрғындар: «Мұнай қалдығы енді іргедегі Сағыз өзеніне құйылса, күніміз не болады?», - деп дабыл қақты.
Мекеме қазған май резервуарларынан асқан қара май жан-жаққа жайылып барады. Қыс бойы ашық аспан астында жатқан мұнай толы апандар қар-жаңбыр суларымен толған. Бүгін ауыл тұрғындары оқиға орнына экологтар мен жергілікті билік өкілдерін шақырып, арыздарын жеткізді.
Төлеген Қоңырбаев, Доссор кентінің тұрғыны:
- Доссордан 15 шақырым жер малдың өрісі, мына жағы Мақат 5-6 шақырымдай. Малдың өрісі, қала берді ар жағы Сағыз өзені бар, ана көріп тұрғандарыңыздай, мынау сол өзенге барып қосылса не болады?
Қабдол Өтепов, шаруа:
- Малға да, халыққа да зиян. Осыны жоқ қылуды талап етеміз. Көме ме, өңдей ме, тіпті тасып алып кетсін, мына жерде су бар. Ал су болған жерге мал түнеп қалады.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Бұл арада әрқайсысының сыйымдылығы 5 және 2 мың текше метрлік екі ашық резервуар орналасқан. Көріп тұрсыздар, көптен бері жиналған май өңделіп немесе ортайтылмағандықтан ол жүлгемен ағып, мал өрісіне жайылып әрі Сағыз өзеніне ағып барады.
Бұл жағдайдан жергілікті билік жақсы хабардар. Себебі, бұл аумақ Мақат аудандық әкімдігіне қарайды. Келісім бойынша жалға берілген 2 гектар учаскенің иесі өңірдегі мұнай өндіруші және өңдеуші компанияларынан шығатын мұнай шламдарын жинап-жоятын қондырғы орнатып, резервуарлары үнемі бақылауда ұстауға тиіс болған. «Бірақ 13 жылда 4 рет қожайыны өзгерген мекемелер ешқандай іс тындырған жоқ», - дейді билік өкілдері
Бекәділ Жайкин, Мақат ауданы әкімінің орынбасары:
- Бұл жерді аудан әкімінің қаулысымен Орал компаниясына берген. «Интернет Орал» деген ЖШС. Оның мақсаты технологиялық қалдықтарды жинау-сұрыптау және технологиялық құрылығыларды кеңейту мақсатында берілген болатын. Онан кейін оралдық компаниясы 2021 жылы «ОКСИ генератор» ЖШС-не сатқан. Қазір көріп тұрсыздар, әлі ештеңе салынған жоқ.
Бүгін осы араға осы жерді сатып алған серіктестік басшысы да шақырылған. Бірақ олардан ешкім келмегені өз алдына, телефонмен тілдесу де мүмкін болмады. Ал экологтар қарамай жиналған алқапта 13 мың тонна мұнай шламы жинақталғанын дәлелдеп берген. Қоршаған ортаны қорғау ержесі бойынша оны сақтау үшін серіктестік лимит алуы керек.
Темірлан Болатұлы, облыстық экология департаментінің мемлекеттік инспекторы:
- Лимиттері жоқ болғандықтан біз прокуратурамен талап тексеріс жүргізген болатынбыз. Сол тексерістің нәтижесімен осы «ОКСИ-генератор» ЖШС-іне 37 млрд теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салдық. Соттың қаулысымен. Қазір көріп тұрғандарыңыздай, ешқандай жұмыс жасақталмаған, тек формальді түрде жинақтай берген.
Сонымен, 40 млрд теңгеге тарта айыппұл қашан өндіріледі? Бұл мәселе әзірге басы ашық күйінде қалып отыр. Ал тұрғындар: «Екі ауылдың мал өрісін ластап, ортақ өзенге қауіп төндіріп отырған серіктестіктің жұмысын құзырлы орындар қатаң бақылауға алса», - дейді.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин
Тегтер #Атырау облысы #мұнай қалдықтары #экологтар #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz