RU
Толық нұсқаға өту

Орталық Азияның су саласы жаңа технологияға зәру

07.07.2025, 15:25 376

Орталық Азияда суды әділ бөлу, оны тиімді пайдалануды реттейтін халықаралық бірлестік құру маңызды. Бұл тіршілік нәрін үнемдеп, оны тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Өзбекстан ғалымдарының трансшекаралық суларға қатысты пікірі осындай, деп хабарлайды 24kz.

Қазір Қазақстан мен Өзбекстан су тарату учаскелерін цифрландыру мен автоматтандыруды мықтап қолға алды. Мәселе екі ел үкіметаралық комиссиясының жіті назарында.

Қазақ пен өзбектің ежелден дария бойында қалыптасқан тұрақты кәсібі бар. Тіршілік нәрімен тікелей байланысып, біте қайнасып жатыр. Сырдың жоғарғы сағасында отырған Қырғызстан мен Тәжікстан да сол судың игілігін көреді. Алайда кейінгі бірнеше жылда Орталық Азиядағы мұздықтардың 30%-і еріп кеткен.

Равшан Назаров, сарапшы:

- Орталық Азияда су-энергетикалық консорциум құру жөнінде мәселе көтерілген болатын. Бастама аймақ көшбасшыларының кеңесінде де айтылған. Сондай-ақ бұл бағыттағы проблемаларды бірлесіп шешу керектігі ұсынылған. Қазір барлық мемлекет осыған күш жұмылдырып жатыр. Дегенмен, мәселе жылдар өткен сайын ушығып барады. Тау мұздықтары біз болжағаннан да тез еруде. 2030 жылға қарай Орталық Азия су жетіспеушілігінің ең күрделі кезеңіне тап болуы мүмкін. Сондықтан кей сарапшылар қауымдастығы Сібір суын аймаққа бұру жобасына оралу керектігін ұсынып отыр.

Демек, су ресурстарын тиімді пайдалану үшін Орталық Азияға ортақ стратегия қажет. Яғни, әр мемлекет жеке дара емес, бірлесіп әрекет еткені тиімді. Тағы бір маңызды міндет – су тарату учаскелерін цифрландыру. Сол арқылы мемлекетаралық каналдарға есептегіш құралдарды көбірек орнатып, нақты деректерге қол жеткізуге болады.

Тахир Маджитов, Өзбекстандағы «Сушы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

- Суды әділ бөлу, оны тиімді пайдалануды реттейтін халықаралық бірлестік немесе қауымдастық керек. Осы орайда біз Арал комитетін құруды ұсынамыз. Тиісінше, оның жұмысы су шаруашылығы саласындағы басқару жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Ол өз кезегінде Орталық Азиядағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады. Бұл комитетті құру үшін бірнеше жыл керек. Аталған жобаға барлық Орталық Азия мемлекеттерінің мүдделі болғаны қажет.

Қазір су қоймаларына бұрынғыдай ірі мөлшерде тіршілік нәрі жиналмайды. Мамандардың айтуынша, мәселеге айрықша ден қойылып, жеткілікті көңіл бөлінбесе мұздықтардың еріп кету ықтималдылығы жоғары. Жаһандық жылыну процесі салдарынан таудағы қар мөлшері де азайып, сел жүру қаупін үдете түскен.

Авторы: Дулат Нуркин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz