Ақтаудағы тәжірибелік-ботаника бағында өсімдіктің 1 мың 365 түрі бар.
Алуан түрлі гүл мен ағаш-тектес өсімдіктер сынақ түрінде егілді. Жергілікті климатқа үйреніп, жерсінген соң шағын аудандарға көшіріледі. Бұған дейін көшелердің бойына егілген өскіндерді ғалымдар үнемі бақылап отырады. Биыл да қала аумағына мыңдаған жас көшет егіледі.
Тәжірибелік-ботаника бағының жалпы аумағы 39 гектар. Соның 29 гектарына түрлі өсімдік егілген. Кейбірінің 30-40 жылдық тарихы бар. Оларды тамашалап әрі таза ауамен тыныстау мақсатында туристер жиі келеді.
Азамат Әскербайұлы, турист /Ресей/:
- Теңізде 2 күн болдық, сосын осы бақта келіп көруге келдік. Оның үстіне өзім Ресейде жеміс өсіремін. Тұқымын болса, алып кетуге.
Ғалымдар «Маңғыстаудың жылы климаты өсімдік егуге қолайлы. Бастысы, бұл жұмыспен өз ісінің маманы айналысуы керек» - дейді.
Ақжүніс Иманбаева, Маңғыстау тәжірибелік-ботаника бағының бас директоры:
- Қазір біз аридті аймақ, шөлейтті аймаққа қысы-жазы көшетті бере аламыз. Себебі барлығы контейнерлік ыдыста тұр. Оларды қазір де егеміз. Тек ғана минус температура болмауы керек. Ол бізде Маңғыстауда аз ғана уақыт. Қаңтар мен ақпанның ортасына дейін.
Қазір бақта АҚШ, Еуропа, Жапония және Орталық Азияда кездесетін ағаштектес өсімдіктер өсіп тұр. Соңғы жылдары субтропикалық ағаштардың тұқымын жергілікті генеқорға енгізу қолға алынды. Ғылыми қызметкерлер тез өсіп-жетілетін өскіндерді алдымен зертханада егіп, бақылайды.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Қазір зертханаға 10-ға тарта тал өскіндері өсіп тұр. Мысалға айтсақ, Айлант немесе Қытай шағаны, жапондық сафора, латынша морус деп аталатын тұт ағашы да бар. Тұқымдары қаңтар-ақпан айлары пластик ыдысқа салынған. Жасыл желек 20-25 сантиметрге жеткен соң бақ ішіндегі жылыжайға жіберіледі.
Гүлайым Жұмалиева, зертхана қызметкері:
- Жылыжайда оны суарып, бақылап тыңайтқыштарын беріп отырамыз. 50 сантиметрге өсіп бастаған уақытта оларды сыртқа шығарамыз. Одан әрі қарай сұраныс бойынша жөнелтіліп отырады.
Мемлекет басшысы ұлттық құрылтайда еліміздегі биологиялық алуантүрлілікті қорғауға баса мән беруді тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстарға қосымша қаржылай қолдау да қарастырылады. Соған сәйкес Ақтаудағы бақта озық үлгідегі зертхана салу жоспарда бар. Мұнда өсімдіктердің жаңа түрлерін жергілікті климатқа жерсіндіру бойынша кешенді зерттеулер жүргізілмек.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев
Тегтер #Ақтау #ботаникалық бақ #өсімдіктер #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz