Қазақстан Каспий теңізінің деңгейін бақылауға арналған жүйені іске асыру үшін халықаралық қаржы институттарынан 6 миллион доллар алуды жоспарлап отыр.
Су айдынын қадағалау бағдарламасы Бішкекте өткен Азия парламентаралық кеңесіндегі сегізінші отырыста жария етілді.
Қазақстан тарапы ұсынып отырған Каспий теңізінің деңгейін бақылау жүйесі толығымен автоматтандырылады. Мәліметтер Атырау және Маңғыстау облыстарының жағалауларында орнатылатын арнайы есеп құралдары арқылы жинақталады. Ол маусымдық деректер мен ұзақ мерзімді ауытқуларды үздіксіз тіркеуге мүмкіндік береді. Жоба ұлттық және өңірлік су ресурстары жөніндегі ақпараттық жүйелермен біріктіріледі. Оның жалпы құны 6 миллион 200 мың доллар болады.
Дүйсенбай Тұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қандай салдары болатынын және алдын алу шараларын осы жерде талқылауға болады. Бұл жүйе тек Атырау мен Маңғыстау емес, Каспийге жақын Түрікменстан, Иран және Ресей сияқты елдердің дамуына ықпал етеді.
Азия парламентаралық консультативтік су кеңесінің сегізінші отырысында негізінен климаттың өзгеруі, су ресурстарын басқару және халықты ауыз сумен қамтамасыз мәселелері қарастырылды. Кеңес жұмысына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Непал, Малайзия және Шри-Ланка парламенттерінің депутаттары қатысты. Басқосуда сумен қамтамасыз етудің теңдестірілген жүйесін құру, экожүйелердің тек жергілікті ғана емес құрлықтық деңгейде де сақталуы үшін заңдық тұрғыдан қандай іс-шаралар қолға алынып жатқаны талқыланды.
Борий Алиханов, Өзбекстан Олий Мәжілісінің депутаты:
- Арал теңізінің апаты өңірдегі жағдайды қиындатып жіберді. Сондықтан су ресурстарын ұтымды пайдалану Өзбекстан, Қазақстан және басқа да елдер үшін өте өзекті. Осыған байланысты бізде суды үнемдеу және су үнемдейтін технологияларды дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр.
Отырыс қорытындысы бойынша Бішкек декларациясы қабылданды. Қатысушылар бір ауыздан су ресурстарын тиімді басқаруға уәделесті. Сондай-ақ климаттың өзгеруі, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету және оны жабдықтау саласын цифрландыру бойынша міндеттемелерді мойнына алды.
Ғалымжан Қараманұлы, Бакыт Чермашев
Тегтер #Қазақстан #Каспий теңізі #бақылау #Қырғызстан #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz