RU
Толық нұсқаға өту

Каспийді қалай құтқарамыз?

04.09.2025, 08:45 491

"Каспий жағалауында пластик пен полиэтилен өнімдерін қолдануға болмайды. Бұған үзілді-кесілді тыйым салу керек".

Табиғат жанашырлары осылай дейді. Әрине – бұл теңізді сақтап қалудың бір амалы ғана.

"Қарт Каспий қазір бұрын-соңды болмаған қарқынмен тартылып жатыр". Бұл мамандардың сөзі. Елде Каспий институты құрылып, Үкімет резервінен қаражат бөлінді. Енді уақыт жоғалтпай, зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. 

Жалпы Каспийге біз ғана ие емеспіз. Теңіздің белгілі бір бөлігі Түрікменстан, Әзербайжан, Иран және Ресейдің де еншісіне тиесілі.

Оған 130 шақты өзен мен арнадан су келеді. Негізгі көзі Еділден 80 пайыз, сосын Жайықтан 5 пайызы құйылады.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Каспийдің тартылуына жаһандық климаттың өзгеруімен қатар, адами фактор да әсер етіп отыр.  

Осылай деген экосақшылар жағалаудың тазалығына ерекше мән беруді сұрайды. Соның ішінде жағажайларға пластик пен полителин өнімдерін алып келуге тыйым салу қажет. Мұндай тәжірибе өзге елдерде де бар. Мәселен, Қырғызстан билігі Ыстықкөлді қорғау үшін осы әдісті қолданып отыр.

Нәсіпкүл Сейдәлиева, табиғат жанашыры:

- Көрші елде бұл заң қабылданды. Қазір Ыстықкөл жағалауынан пластик құтылар мен полиэтилен пакеттерін көрмейсің. Менің ойымша, мұндай заң бізге де қажет. Талапты бұзғандарға айыппұл салу керек. Су айдындарын қорғаудың бастапқы амалдары осы. 

Каспий жыл санап тартылып барады. Аймақтық экологиялық кеңестің төрағасы Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, кейінгі 6 жылдың ішінде су деңгейі 2 метр төмендеген. Теңіздің күретамыры - Еділ өзені. Алайда кейінгі жылдары одан келетін судың мөлшері едәуір азайды. Өйткені өзен бойына салынған гидронысандар кедергі боп тұр.

Әділбек Қозыбақов, Ecojer аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы:

- Еділ өзені трансшекаралық өзендерге жатпайды. Ресейдің ішкі өзені болып саналады. Себебі Каспийге құйылатын жері Ресей аумағы. Сондықтан бұл жерде Тегеран конвенсиясын іске қосу керек деп ойлаймын. Тегеран конвенсиясына 5 мемлекет тарапынан қол қойылған Каспий теңізінің ортасын қорғау жөнінде.

Ал ресейліктер қазір Каспий тұрмақ Еділдің өзі саяздап, кеме жүре алмай қалғанына алаңдаулы. Мұның бір себебі өзенді байлап тұрған тоғандар десе, енді бірі климаттың өзгеруімен байланыстырады. Осы орайда Ақтауда мәселені байыптап, зерттеу жүргізетін Каспий ғылыми-зерттеу институты құрылып жатыр. Таяуда Үкімет резервінен 305 млн теңге бөлінді. Мамандар спутниктік мониторинг жүргізіп, балық қорын бақылауға тиіс. Экологтардың айтуынша, теңіздің жай-күйін толық зерттеу бірнеше жылға созылуы мүмкін.

Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz