RU
Толық нұсқаға өту

ШҚО-да экобелсенділер орман қорын ұлғайтуға кірісті

21.09.2025, 22:44 421

Шығыс Қазақстан облысында экобелсенділер орман қорын ұлғайтуға белсене кірісті, деп хабарлайды 24kz.

Биыл 16 миллионнан астам көшет егіп жатыр. Әсіресе, таулы жерлердегі шіріген ағаштардың орнына жаңасын егу жұмысы қарқынды. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына 100-ден астам адам қатысты.

«Мало-Уба» орман шаруашылығындағы шөлейтті аумақтарға жүз мыңнан астам қылқан жапырақты егілді. Көшеттерді экобелсенділер өз қаржысына сатып алды.

Сымбат Рамазанов, экобелсенді:

- Туризм саласындағы мәдениет осы экологиялық мәдениеттен басталуы керек. Өйткені қоршаған ортаны, табиғатты аялау оны тазалықта ұстау кішкентай баладан басталуы керек. Осындай шаралардың арқасында біз соған үлкен бір септігін тигіземіз деп ойлаймын.

Ағаш егу барысын орман шаруашылығы мамандары бақылайды. Әрбір көшет алдын ала дайындалған жерге егіледі. Орманшылар топырақты қажетті тереңдікке дейін қазып, әр ағаштың ара қашықтығын шамамен 70 сантиметр етіп орналастырады. Бұл жасыл желектің біркелкі өсуі үшін жасалады.

Татьяна Майданюк, Риддер қаласының тұрғыны:

- Біз балаларымызға жақсы үлгі болуымыз керек. Өзіміз осындай игі шараларға белсенді қатысып, қоршаған ортаға мейіріммен қарауымыз керек деп ойлаймын. Сонда жастарымыз да табиғатқа жанашыр болып өседі.

Экошараға жұрт отбасымен келіп қатысады. Үлкендер жағы жастарға табиғатты қорғауды үйретіп жүр.Солардың бірі Фаина Бағаева. Оның балалық шағы осы мекенде өткен. «Араға елу жыл салып туған өлкесіне келген ол орманды келешек ұрпаққа аманат етіп қалдыру басты міндетіміз», - дейді.

Фаина Бағаева, Өскемен қаласының тұрғыны:

- Мен осы жақта Александровка ауылында тұрғанмын. Кішкентай кезімізде шырша отырғызып, сол ағаштарды қарайтынбыз. Бүгінгі ұрпаққа қоршаған ортаға қамқор болуды үйрету аса маңызды. Сол үшін осындай экоакциялар үнемі болса екен деймін.

«Мало-Уба» орман шаруашылығындағы қарағай мен терек 60 жылдан бері өсіп тұр. Сол себепті дәл осы аймақта орман қорын түлету амаңызды.

Еркін Шаймұратұлы, «Мало-Уба» орман шаруашылығының директоры:

- Бүгінгі таңда Президенттің Жолдауымен «Таза Қазақстан» және көшеттерді отырғызу туралы шараларды қолданып, жүргізіп жатырмыз. Бұл шараларға енді блогерларымыз бастап келіп жатыр. Барлығы жүз кісідей.

«Таза Қазақстан» жобасы аясында экошаралар әлі де жалғасын табады. Шығыс Қазақстан облысында биыл 16 миллионға жуық көшет егіліп жатыр.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz