Қазақстан Арал қасіретінен сабақ алып, теңіздің солтүстік бөлігін сақтап қалды.
Енді Каспийдің тартылуы алаңдатып отыр. Қазір жағдай ушығып, жаһандық деңгейде дабыл қағатын мәселеге айналды. Президент БҰҰ Бас Ассамблеясы 80-сессиясының Жалпы дебатында климаттың өзгеру мәселесін де көтеріп, су тапшылығының алдын алу үшін өзге елдерді күш біріктіруге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі жылдары климаттың күрт өзгеріп жатқанын атап өтті. Бұл Орталық Азия жұртшылығы үшін үлкен қауіп төндіріп тұр. Мәселені жаһандық күн тәртібіне шығару үшін қандай жұмыс атқарылады?
Әлемде геосаяси ахуал да, ауа райы да қызып тұр. Күн шыжып, жер жаһанда аптап ыстық рекордтар жаңартуда. Былтыр адамзат тарихындағы ең ыстық маусым болды. Климаттың өзгеруі Орталық Азия өңірі үшін қатты сезілуде. Аймақта ауа температурасы әлемдегі орташа көрсеткіштен екі есе жоғары. Салдарынан Алатау мұздықтары тез ери бастады. Бұл миллиондаған халықтың су және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді.
БҰҰ мінберінен осылай деп дабыл қаққан Президент су тапшылығының алдын алу үшін өзге елдерді күш біріктіруге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Былтыр Қазақстан Франция, Сауд Арабиясы және Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, One Water саммитін өткізді. Болашақта су тапшылығын болдырмау мақсатында анағұрлым тығыз үйлестіру, инвестиция және орнықты шешім қажет. Аталған мәселені күн тәртібіне шығару үшін еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымымен және басқа халықаралық құрылымдармен серіктесе отырып, келесі жылы сәуір айында Астанада Өңірлік экологиялық саммит ұйымдастырады.
Каспийдің тартылуы – жаһандық мәселе
Арал қасіреті - адамзат тарихындағы ең үлкен экологиялық апаттардың бірі. Еліміз бұл ауыр трагедиядан сабақ алып, теңіздің солтүстік бөлігін сақтап қалды. Енді әлем жұрты Каспий теңізінің тартылуына назар аударуы керек. Себебі бұл жаһандық деңгейде дабыл қағатын мәселеге айналды, дейді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Каспий теңізі күннен күнге тартылып барады. Бұл бір өңірдің ғана проблемасы емес, жаһандық деңгейде дабыл қағатын мәселеге айналды. Сондықтан аймақтағы серіктестерімізді және барша халықаралық қоғамдастықты Каспийдің су қорын сақтау үшін жедел шараларды бірлесе қабылдауға шақырамыз.
Таза Қазақстан: миллиондаған ерікті бір іске
Жоғары мінберден қоршаған ортаны қорғау мәселесін қаузаған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның осы саладағы игі тәжірибесін атап өтті.
Қазір елде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы жүзеге асырылып жатыр. Бұл игі бастама қоқыс жинау, тазалықты сақтау және экологиялық ағартушылық жұмыстарына миллиондаған еріктіні жұмылдырып, қоғамды ортақ іске біріктіріп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанның бастамасымен БҰҰ 2026 жылды Орнықты даму мақсаттары жолындағы Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Ұйымға мүше мемлекеттердің бәрін осы маңызды бастамаға қолдау білдіріп, ынтымақтастық орнатуға шақырамыз. Осы орайда Бас Ассамблеяға 22 сәуірді Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні деп жариялайтын қарар қабылдауды ұсынамын.
Қазақстан – декарбонизация жолында
Сонымен қатар Мемлекет басшысы еліміз алдағы 35 жылда декарбонизациялау жөнінде міндеттеме алғанын еске салды. Дегенмен, тек жаңартылатын энергия барлық мәселені шешпейді. Оның үстіне Қазақстан энергетикасы мұнай-газ, көмір, уран және аса маңызды минералдарға негізделген. Президенттің сөзінше, жаңа технологиялар көмірді таза күйде пайдалануға жол ашып отыр. Демек, Қазақстан дәстүрлі ресурстарды да, баламалы энергияны да ұштастырып, тұрақты дамуды көздейді.
Риат Шони
Тегтер #БҰҰ Бас ассамблеясы #Тоқаев #80 сессия #Каспий #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz