RU
Толық нұсқаға өту

Каспийдің күйі: үміт пен үрей

24.09.2025, 13:00 412

Қарт Каспийдің күйі күннен күнге күрделеніп барады.

Бұл түйткілді Мемлекет басшысы әлемнің ең беделді мінберінен көтерді. Ал теңізге зерттеу жүргізген Қазгдиромет арнамызға жаңа дерек берді.  Алты айдың ішінде ондағы су деңгейі балтық жүйесі бойынша минус 29 метрді көрсеткен.

Шерхан Абзалұлы, тілші:

- Жаһандық климаттың өзгеруі Каспий теңізіне де салдарын тигізіп жатыр. Соңғы 10 жылда су көлемі 10 шақырым тартылған. Бұған дәлел қазір мен жүріп келе жатқан аумақ. Осыдан дәл 5 жыл бұрын жағалауда болған тіршілік нәрінің тек шалшығы қалып, осындай шөп пен қалың қамыс басқан.

Каспий теңізінің тартылуы бір кездері табиғи құбылыс болды. 1940-70-жылдар аралығында таязданып, 95-жылдары су деңгейі көтеріліп тұрды. Алайда теңіз 29 жылдан бері тек тартылып барады. Соңғы 5 жылда 80 сантиметрге төмендеп, антирекорд тіркелді. Ал алдағы 25 жылға жасалған болжам тіптен қорқынышты. 

Лаура Базарбай, Каспий теңізінің гидрометеорологиялық зерттеулер басқармасының жетекші ғылыми қызметкері:

- 2030-ға дейін тұрақты түрде төмендеуі байқалады делінген. Ол сценарийге сенетін болсақ, 2030 жылы Каспий теңізінің деңгейі -30 метрге дейін, 2050 жылы -32 метрге дейін төмендеуі мүмкін деген болжамдарымыз бар. 

Қарт Каспийдің тағдыры теңіз түбіндегі байлықты бөліп алып отырған 5 мемлекетті ғана алаңдатпайды. Бұл елдердің экологиясын былай қойғанда, әлем экономикасына салдары тиеді. Теңіз арқылы табыс тауып отырған кәсіпорындар жабылып, мыңдаған маман жұмыссыз қалады. Туризм тұралап, әлеуметтік-экономикалық мәселелер кезең кезеңімен шыға береді.  

Вадим Ни, эколог, «Save the Caspian Sea» компаниясының құрылтайшысы: 

- Каспий теңізінің су деңгейі тарихта болмаған көрсеткішке дейін түсіп кетті. Ең қауіптісі — Каспийдің солтүстігі, яғни ең таяз бөлігі, биоалуандықтың басты орталығы. Бұл жер бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашатын, Каспий итбалығы мекендейтін маңызды аймақ. Ал су тартылса, осы тіршілік иелері де жоғалады. Яғни, мәселе тек судың азаюында емес – бүтін бір экожүйе құрып кетуі мүмкін.

Су деңгейінің жағадан шамадан тыс шегінуіне екі себеп бар. Еділ өзені суының азаюы мен адами фактор. Соңы экологиялық апатқа айналуы мүмкін екенін айтып, мемлекет басшысы да дабыл қағып келеді. Шартарап көз тіккен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымында да су мәселелері жөніндегі орталық құруды ұсынды. 

Вадим Ни, эколог, «Save the Caspian Sea» компаниясының құрылтайшысы: 

- Мамандар Каспийді сақтау бойынша нақты шешімдер ұсынып отыр. Мысалы, мұнай төгілулерін спутник арқылы бақылап, кінәлілерді жауапқа тартуға болады. Бірақ экология министрлігі олай жұмыс істемейді. Қазіргі ереже бойынша, олар оператордан хабарлама алуы керек, содан кейін ғана әрекет етеді. Мұндай тәсілмен экологияны сақтау мүмкін емес. Президенттің өзі бұл мәселені "дабыл қағарлық жағдай" деп атады. Демек, кешігуге болмайды – нақты шаралар қазірден басталуы керек. Каспий теңізі тек экологиялық емес, экономикалық маңызы бар нысан. Ол ауыз су, балық шаруашылығы мен көлік дәлізі үшін де маңызды ресурс.

Ендігі үміт Үкімет әзірлейтін мемлекетаралық жаңа бағдарлама. Тез шешуді талап ететін мәселеге бес ел бірігіп іске кіріспесе, бәрі бір қайықта отырғандай күй кешуде.

Шерхан Абзалұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz