Павлодар облысындағы ірі өндіріс орындары соңғы 3 жылда экологияны жақсарту жобаларына 82 млрд теңге инвестиция салған, деп хабарлайды 24kz.
Нәтижесінде ластану көрсеткіші 8%-ке азайған. Индустриялды өңірде мыңнан астам кәсіпорын бар. Қоршаған ортаға зиянды қалдық көбінде энергетикалық нысандардан шығады. Себебі біраз өндіріс әлі күнге дейін көмір жағады. «Сондықтан кәсіпорындарға автоматты бақылау жүйесін енгізу маңызды», - дейді мамандар.
Экология департаменті жыл басынан бері алпыстан аса жоспардан тыс тексеру жүргізген. Рейдтердің негізгі мақсаты – экологиялық заңбұзушылықтардың алдын алу. Анықталған олқылықтар бойынша кәсіпорындарға қомақты айыппұл да салынған.
Бауыржан Жансейітов, Экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы:
- Экологиялық заңнаманы бұзған кәсіпорындарға 870 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Қазіргі уақытта жоспардан тыс тексерулер бойынша қосымша тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ 69 ұйғарым берілді. Соған сәйкес экологиялық талаптарды бұзған әрбір кәсіпорын анықталған заңбұзушылықтарды жоюы тиіс. Мекемелерге арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеп, белгіленген мерзім ішінде олқылықтарды жою тапсырылды.
Өңірдегі 15 энергетикалық нысанның 11-і автоматты бақылау жүйесін орнатқан. Мәліметтер 20 минут сайын жаңартылып, Экология министрлігіне онлайн режимде жолданады. Нәтижесінде зиянды қалдық көлемі 8%-ке төмендеген. Алайда ауаның ластануына тек өнеркәсіп емес, көлік санының артуы да әсер етіп отыр. Әсіресе, жүк көліктерінен бөлінетін газдың үлесі жоғары. Осыған байланысты департамент айына бір рет «Таза ауа» акциясын ұйымдастырады. Ауыр көліктерден бөлінетін газдың құрамын тексеріп, зиянды заттардың мөлшерін тексереді.
Алина Қайыргелді, Павлодар облысы бойынша мемлекеттік экологиялық инспектор:
- Бұл акцияның негізгі мақсаты – жүріп тұрған автотранспорттарды, ауаға жіберілген газдарды өлшеу. Оның нақты бір ПДК дейміз ғой, шекті рауалы концентрациясы бар, егер де сол саннан асып кетсе, онда біз осы мағлұматтарды полиция департаментіне береміз, ары қарай олар өздері шешім қабылдайтын болады.
Облыстағы кәсіпорындардан ауаға жыл сайын 700 мың тонна шамасында зиянды қалдық тарайды. Дегенмен, соңғы үш жылда ластану көлемі 4,5%-ке төмендеген. Бұған озық технологиялар мен мониторинг жүйелері арқылы қол жетті. Оның үстіне ірі электр станциялары мен зауыттар тиімділігі жоғары гибридті сүзгілер орната бастады. Ал, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған инвестиция көлемі 82 миллиард теңгеден асты.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев
Тегтер #Павлодар облысы #экология #Ауаның ластануы #инвестицияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz