«Taza Qazaqstan» Road-эстафетасына қатысушылар бүгін республикалық маңызы бар автожолдың Сауран ауданы аумағын қоқыстан тазартты.
Сонымен қатар көне Сауран қалашығында тазалық жұмыстарын жүргізді. Табиғат жанашырлары спорттық және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша түрлі байқаулар ұйымдастырды.
Шорнақ ауылында ұйымдастырылған спорттық жаттығуға экобелсенділер мен жастар рухы жастар қанатының мүшелері және жергілікті тұрғындар қатысты. Оларға «Чемпиондық рух» жобасының спикерлері бағыт-бағдар беріп, жиналғандар арасында түрлі жарыс ұйымдастырды.
Қанат Рысбек, жеңіл атлетикадан Азия ойындарының жүлдегері:
- Тазалыққа шықпай тұрып, осы "Таза Қазақстан" акциясына қатысатын барлық жастармен осы өңірдегі тұрғындармен дене қыздыру жаттығулары керемет көңіл күймен тазалық жұмыстарын бастаймыз.
Табиғат жанашырлары алдымен аудан аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдың бойында шашылып жатқан қоқысты жинастырды. Себебі бұл жолмен күніне 25 мыңға жуық көлік қатынайды. Экобелсенділер тұтынған затының қалдығын терезеден лақтырып кететін жүргізушілер де жиі кездесетінін айтады.
Гүлім Амантайқызы, ерікті:
- 3 күн бойы осы жолдағы қоқыстарды тазаладық. Түсінгенім бойынша жалпы қоқыс кемінде 400-500 жыл аралығында шіриді екен. Яғни бұл біздің табиғатқа өте үлкен зиянын тигізіп жатыр. Жастар арасында түсінік бар ғой, біреудің шашып кеткен қоқысын жинаймын ба деген секілді ойлар қалыптасқан. Біз сол ойға қарама-қарсы шығып, патриоттыққа шақырып жатырмыз.
Ұлмира Ізбасар, Қожа Ахмет Яссауи атындағы ХҚТУ студенттік президенті:
- Осыншама қоқыс тек қана жолдың бойында бар екеніне көзім жетті. Одан бөлек бізде қаншама өңірлер бар, қаншама қалалар бар. Оларда қаншама қоқыс жатқанын біз білмейміз. Осыған дейін мен ойлаған жоқпын бізде осыншама экологиялық проблемамыз бар деп.
Одан кейін құрамында мәслихат депутаттары, партия мүшелері, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері бар топ көне Сауран қалашығы аумағын ретке келітіріп, тарихи мекенге құрмет көрсетті. Ауқымды бастамаға 500-ден астам адам қатысты.
Ақерке Ескендірова, "Жастар Рухы" Жастар қанатының төрағасы:
- "Вандализмге жол жоқ" акциясын белсенді түрде өткіздік, бірнеше тарихи-мәдени орындарды тазарттық. Ол жердегі қоқысты жинадық. "Аманат" партиясы Жастар рухы жастар қанаты түрлі шараларды ұйымдастырдық. Бұл жерде басты мақсат халық арасында, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру болды. Сонымен қатар жастар арасында есірткіге қарсы жұмыстарды жүргізіп, салауатты өмір салтын насихаттау.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Табиғат жанашырлары бүгін Сауран ауданының аумағында 10 тоннаға жуық қоқыс жинады. Ал жалпы осы эстафета басталған 5 күннің ішінде экобелсенділер 100 тоннадан астам қоқыс жинап, арнайы орындарға жеткізген. Осымен Түркістан облысындағы 6 ауданды қамтыған тазалық шарасы өз мәресіне жетті. Ертең Қызылорда облысының аумағында жалғасын табады.
Жандос Жұмабек, Ербоат Әбіш
Тегтер #Түркістан облысы #Таза Қазақстан #қоқыс #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz