Алматы облысынан басталған «Таза Қазақстан» road-эстафетасы Қызылордада қорытындыланды, деп хабарлайды 24kz.
Жобаға қатысушылар 1200 шақырым жол жүріп, елді мекендер мен тарихи-мәдени ескерткіштерді күл-қоқыстан тазартты. Аудандарға аялдап, түрлі экологиялық, танымдық шара ұйымдастырды. «Taza Qazaqstan» акциясы аясында «Amanat» партиясы ұйымдастырған шараға «Жастар рухы» жастар қанатының 3 мыңға жуық белсендісі атсалысты.
Бір апта бойы жалғасқан Road-эстафетаның ауқымы кең болды. «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері тек күре жол бойын тазалап қана қойған жоқ. Аудандарға тоқтап, түрлі экологиялық шара ұйымдастырды. Бұл игі іс Сыр өңірінің Жаңақорған, Шиелі кентінде жалғасын тапты.
Әсетхан Баймұрза, «Жастар рухы» жастар қанатының облыстық филиал төрағасы:
- Қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ қаласында арнайы тазалық жұмыстары жүргізілді. Сол сияқты осындай тарихи-мәдени ескерткіштерді вандализмнен қорғау мақсатында осындай түрлі форматтағы кездесулер өтті. «Чемпиондық рух» жобалары жұзеге асты. Жастармен кездесулер өтті. Осы жобаларды қазіргі таңда «Жастар рухының» бастамасымен үлкен елімізде жастарға серпіліс берді.
Road-эстафетаға мәжіліс депутаттары да атсалысты. Олар Шиелі кентінің тұрғындарымен тілдесті. Қоғамдық қабылдау ұйымдастырып, ұсыныс-пікірлерді түртіп алды.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Шиелідегі қабылдауда жастар жақсы идея айтты. «Мемлекет ауылға тұратын балаларға, ауылда үй салса, соларға жеңілдік жасаса», - деді олар. Бастапқы төлем дейді ғой, соны 10%, 20% қалада төлейді. Ал ауылға соны төмендетсе, төлейміз барлығын.
Ауқымды жоба Қызылорда қаласында қорытындыланды. Еріктілер бір аптада 1200 шақырым жол жүрді. Төрт өңірдің 15 ауданында және 3 қалада тазалық шараларына 3 мыңға жуық адам атсалысты. Олар 150 тонна қоқыс жинады.
Ақерке Ескендірова, «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы:
- 4 облыс, бір қала – Алматы облысы, Жамбыл облысы, Шымкент қаласы, Түркістан облысы және Қызылорда облысы. Мемлекет басшысының айтатыны, әрдайым «Таза Қазақстан» ол әрқайсымыздан басталады. Сондықтан біз тұрғындарға, жастарға, «Таза Қазақстан» тек қоқыс жинау емес, сонымен қатар экологиялық мәдениеттіқалыптастыру, суды үнемдеу, қоқысты сұрыптау, оны кез келген жерге тастамау деген сияқты қағидаттарын түсіндіріп келдік.
«Айтулы бастамаға түрткі болған Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы», - дейді ұйымдастырушылар. Талай сырды ішіне бүккен тарихи орындар мен қоршаған ортаны таза ұстау – басты мақсат. Бұл өскелең буынға экологиялық мәдениеттің үлгісін көрсетуге, ел ішінді патриотизм мен бірлікті арттыруға ықпал етері сөзсіз.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин
Тегтер #Таза Қазақстан #Қызылорда #AMANAT партиясыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz