RU
Толық нұсқаға өту

Іле Алатауы ұлттық паркіндегі қар барысы мекеніне оралды

03.02.2026, 08:41 482

Іле Алатауы ұлттық паркінде туристер мен қала тұрғындарының назарына ілінген қар барысы мекеніне қайта оралды.

Мамандар оның мойнына спутниктік қарғыбау тағып, зертханалық талдаулар алған. Қазір табиғи ортада тіршілігін жалғастырып жатыр. Айта кетейік, тау етегіне түскен табиғаттың сұлу жаратылысын әлеуметтік желі пайдаланушылары таспалап үлгеріп, сирек жағдайды жарыса жариялаған болатын.

Іле Алатауы ұлттық паркі қар барысының бұрыннан мекендейтін үйреншікті ортасы. Мамандардың есебі бойынша, мұнда 20 шақты ілбіс бар. Оның ішінде қалаға жақын тау бөктерінде 5-7 қар барысы мекен етеді. Олар арнайы орнатылған фотоқақпандарда жиі көрініп тұрады, дейді мамандар. Дегенмен, тау тағысының адам жүретін жерге келуі сирек жағдай. 

Алексей Грачев, ҚР Зоология институты зертхана меңгерушісі:

- Қыста қар барысының таудан төмен түсуі қалыпты жағдай. Ең қызығы, ол өзінің жемтігін автокөлік жолына жақын жерде қолға түсірген. Сондықтан тұрғындардың назарына ілінген. Жемтігі 100 келіге жуық марал еді. Оны аз уақытта жеп тауысуы әрине мүмкін емес. Әрі азық көп емес қыс мезгілінде қомақты олжаны ұзақ күзету де жыртқышқа тән қасиет.

3-4 жасар еркек тұқымды қар барысы Үлкен Алматы шатқалында өзі аулаған жемтігін бірнеше күн азық еткен. Көз жететін жерге дейін келген табиғаттың сұлу жаратылысын көргісі келгендер көп болыпты. Тіпті, дрон жібергендер де бар. Алайда зоология институты мен Ұлттық парк қызметкерлері дер кезінде күзет ұйымдастырып, үш күн бойы қызыл кітапқа енген аңды сырттай бақылауға алған. 

Салтанат Өсербаева, Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің бөлім басшысы:

- Бұл жағдайды бірінші көрген Үлкен Алматы көлінен Түсіп келе жатқан туристер байқаған. Олар өздерінің мобильді телефондарына түсіріп, оны әлеуметтік желілерге сала бастаған. Мемлекеттік инспекторларымыз бұл жерге келіп, Ғылыми бөлімнің мамандары, мобильді группа деген болады бізде, сол мобильді группаның инспекторларын шақырып, бақылау жұмыстарын жүргізе бастадық. 

Әлеуметтік желіде тараған бейнелерде қар барысы өзін қызықтаған адамдарды сезгендей, айналаға сақтықпен қарағаны байқалады. Мамандардың көмегімен аумақ қоршауға алынғаннан кейін ғана ол қорегін асықпай талғажау етуге көшкен. Зертхана мамандары ілбістен арнайы талдамалар алып, оның мойнына спутниктік қарғыбау тақты. 

Алексей Грачев, ҚР Зоология институты зертхана меңгерушісі:

- Жыртқыштан лабораториялық зерттеулер үшін талдамалар алу міндетті талап. Бұл материалдар ары қарай мониторинг жүргізу үшін қажет. Ол үшін қар барысына арнайы ұйықтататын дәрі егілді. Содан кейін биоматериалдар алынып, мойнына шағын GPS трекер тақтық. Артынша екпенің әсерін жоятын антидот енгіздік.  Жарты сағаттан соң ілбіс оянды. Ол көп ұзамай  шатқалдан асып, өз ортасына кетті. Қарғыбау арқылы оны бақыладық. Оның жағдайы жақсы. 

Тағы тағылығын істеуі мүмкін. Сондықтан мамандар, жыртқышты көріп қалған жағдайда, адамдар әуелі өз қауіпсіздігін естен шығармау керек дейді. Жалпы Қазақстанда шамамен 200-дей қар барысы мекендейді. Олар Түркістан, Жамбыл, Алматы, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарының таулы аймақтарына таралған. Соңғы 30 жылда ілбістердің саны шамамен екі есеге артты. Бұған қорғалатын аумақтардың, ұлттық парктер мен қорықтардың құрылуы айрықша әсер етті. 

Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz