Павлодардың шеткері көшелерінде қар тазаланбай, үйіліп жатыр.
Жеке сектордағы үйлердің ауласы да қарға толып кеткен. Тұрғындар күн күрт жылынса, суға кетеміз бе деп алаңдайды. Коммуналдық мекеме негізінен орталық көшелерді тазалауға күш салады. Қардан бөлек қаланың кейбір аудандарында қоқыс, уақытылы шығарылмайды. Облыс орталығының тазалығына қатысты қордаланған мәселе көп.
Қыс түскелі қаладан 500 мың тоннаға жуық қар шығарылды. Күн сайын қала тазалығын қамтамасыз етуге 250 жұмысшы мен 300-ге жуық арнайы техника жұмылдырылады. Олар бірінші кезекте орталық көшелер, аялдамалар, жаяу жүргіншілер жолы және әлеуметтік нысандардың айналасын тазартады. Ал шеткері көшелер мен жеке үйлердің айналасындағы қар айлап жатады. Қала әкімдігі болса бәрін жоспар бойынша жүргізіп жатырмыз дейді.
Мақпал Қаржаубай, қала әкімінің баспасөз хатшысы:
- 2025-2026 жылдардың қысқы кезеңінің басынан қала көшелерінен 461 мың тоннадан астам қар шығарылды. Оның ішінде 104 мың тоннадан астамы жекеменшік сектордан әкетілді. Жыл басынан бері ішкі орама аумақтардан шамамен 750 тонна қар шығарылды. Көше жол желісін және аула аумақтарын тазалау жұмыстары абаттандыру қағидаларына сәйкес жүргізіліп, тұрақты бақылауда.
Мынау орталық көшелердің бірі. Үйлердің ауласы мен ойын алаңдарын қар басып қалған. Тұрғындар қыс бойы тазаланбады деп шағымданды. Айтуларынша, әр жерде шашылған қоқыс та ауланың сәнін кетіріп тұр.
БЛИЦ
- Есік алды жиналмайды. Міне қардың бәрін көріп тұрсыздар ғой. Міне мусоркалар жатыр, жиналмайды, неменеге ақша төлейміз, неменеге налог береміз. Осы спец машинаға 5-6 мың төлейміз кісі басы.
- Адамдар тәрбиеге үйренбеген, мынаның ішіне тастамай дөкей бактың ішіне, ремонт жасайды да тастай береді мында.
- Қиын қатса қиын енді, жүруге қиын болады, тайғанақ болып. Қарлар алынған жоқ, соныкі, қардыкі мынау. Сырттары тазалағаны көрінбейді. Із салып қойып, ізбен жүріп отырамыз.
- Кісілерге көп қиындық тудырады. Мына ЖКХ-ның адамарына да, қанша. Істеп жатырғой енді. Қалай деуге болады? Үлгере алмай жатыр ғой бәрібір ауа райына байланысты.
Өңірде рұқсат етілмеген жеге төгілген қоқыс полигондары да жетерлік. Елдімекендердегі экологиялық талапты орындамаған жауапты тұлғаларға айыппұл да салынды. Соның өзінде, қаланың тазалығы көңіл көншітпейді. Тұрғындардың жауапсыздығы да жоқ емес.
Әсет Сыздықов, облыстық экология департаменті басшысының орынбасары:
- Біз былтыр ғарыштық бақылау жүргізу арқылы 249 қоқыс алаңын анықтадық. Оның 245-і тез арада жойылды. Экология департаменті 80 тексеру жүргізіп, тиісті шараларды қолданды. Бірқатар ауылдық округ әкімдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұл көлемі 860 миллион тг асады.
Тазалыққа жауаптылар 2 жыл бұрын іске қосылған «TazaQazBot» платформасын да тиімді пайдалана алмай отырған сыңайлы. Экология және абаттандыру мәселелері бойынша тұрғындармен кері байланыс орнатуға арналған жобаны насихаттау жұмысы кемшін. Себебі облыс бойынша екі жылда небәрі 500-ге жуық өтініш түскен.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков
Тегтер #Павлодар #тазалық #Таза Қазақстан #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz