Өскемендегі өндірістік кәсіпорындардың айналасын көгалдандырып, қаланың жеке секторын газбен қамту қажет. Экология министрлігінің сарапшылары осындай ұсынысты ортаға салды.
Облыс орталығындағы экологиялық мәселе, кезек күттірмейді, - дейді мамандар. Өйткені былтыр 100 күннен аса уақыт бойы метеорологиялық жағдай қолайсыз болып, мектептер мен оқу орындары қашықтан оқытуға көшкен еді. Мәселені толық шешудің жолы қандай?
Былтыр 3 айдан аса уақыт бойы қаланы түтін басты. Ал биыл қаңтар айының өзінде ауадағы күкіртсутектің шекті нормадан асқаны туралы 500-ден аса дерек тіркелген. Күкірт диоксидінің де шамадан тыс концентрациясы анықталды. Металлургиялық кәсіпорындар, жылу электр орталықтары мен жеке сектордан шығатын шығарындылар ауаны ластап жатыр, - дейді мамандар. Ал оны шешу үшін ірі зауыттардың маңын көгалдандыру туралы ұсыныс айтылуда. Алайда кәсіпорындарды айналасын көгалдандыруға міндеттеу оңай емес, - дейді эколог Дәулет Асанов. Өйткені былтыр желтоқсанда санитарлық-қорғау аймақтарына қатысты талаптар заңнамалық тұрғыда өзгерген. Дәулет Асановтың айтуынша, енді әкімдіктер кәсіпорындармен келіссөз жүргізіп, экологиялық акцияларды ерікті түрде ұйымдастыруы керек.
Дәулет Асанов, эколог:
- Жасылдандыру жұмыстары бұрын санитарлық қағидалармен бекітілген болатын. Кәсіпорындардың бәрі осы жұмысты жасап, жүздеген гектар жерді жасылдандыру керек болатын. Бірақ Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен былтырғы жылдың желтоқсан айында талаптар күшін жойып қалды. Енді қазір кәсіпорындарды ешкім осы жұмысты жаса деп айта алмайды. Тек қана меморандум арқылы сұрауға болады.
Метеожағдай нашарлаған уақытта шығарындыларды азайту жобасы қоғам белсендісі Елена Березинская-Әбілованың бастамасымен қолға алынды. Соның арқасында қаладағы зауыттар мен әкімдік арасында меморандум жасалды. Әкімдік пен кәсіпкерлердің серіктестігі көгалдандыру жұмыстарын қолға алуға да мүмкіндік береді,- дейді ол.
Елена Березинская-Әбілова, қоғам белсендісі:
- Жасыл белдеуді дамыту жобасы Өскемендегі экологиялық жағдайды жақсарту картасына енгізілуі керек. Мұндай бастама көтерілді. Қазір қала әкімдігімен бірге талқыланып жатыр.
Қалада жеке секторлардағы мұржалардан жылына ауаға 14 мың тоннадан астам зиянды қалдық шығарылады. Енді әкімдік жеке секторды газбен қамту жобасын қарастырып жатыр.
Рашид Шерубаев, қалалық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:
- Жақын уақытта, яғни магистральдық газ құбыры тартылғаннан кейін жекеменшік секторды барынша газбен қамтуды жоспарлап отырмыз.
Ал облыстық экология департаменті қазір атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі ережелер жиынтығын әзірлеуде.
Сәуле Қашқымбаева, облыстық Экология департаментінің бас маманы:
- Экология министрі Ерлан Нысанбаев Қытай Халық Республикасына сапарының қорытындысы бойынша Өскемендегі атмосфералық ауаның жағдайын жақсартуға қатысты шешімдер ұсынды. Жеке секторларды газбен қамту, балама энергия көздерін пайдаланып жылыту және көмірден бас тарту арқылы ахуалды тұрақтандыруға болады.
Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған кешенді шаралар бірнеше жылға есептеліп, әзірленеді. Қазір қалада жыл сайынғы шығарындылар көлемі 158 мың тоннаға жетеді. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта өсуі де мүмкін. Өйткені жылу жлектр орталықтарының қуаты артып, автокөлік саны да көбейіп барады.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #экология #ӨскеменPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz