RU
Толық нұсқаға өту

Қаракөлге қоқиқаздар оралды

05.03.2026, 08:51 40

Биыл Қаракөлге сұңқылдақ аққу мен қызғылт қоқиқаз жылдағыдан ерте оралды.

 Ақтаудың іргесіндегі жасанды көлде  мыңдаған құс жүр. Әсіресе қоқиқаздар алыстан көз тартады. Көлдің суы жылы, қанаттылар үшін қорек те мол.

Қаракөл Ақтаудан 10 шақырым жерде. Соңғы аптада жасанды көл беті жылдағыдай қызғылт түске боялды. Көк айдынға аялдаған қоқиқаздар алыстан көрінеді. Жағажайға жақын жүзген аққуларды қолдан қоректендіруге болса, қоқиқаздар адамнан алыс жүзеді. Шаян, теңіз балдырын жейтін қанаттылардың тыныштығын мемлекеттік инспекторлар қорғайды. Күн сайын санақ жүргізіп, осы аумақта дрон ұшыруға келетіндердің жолын кеседі. 

Ерқанат Берленов, Үстірт табиғи мемлекеттік қорығының инспекторы:

- Біздің Қаракөл деген мына МАЭК-тен шыққан суымыз жылы болғандықтан олар осы жерге келеді. Жобамен 10-15 күн, кейде 7 күн аялдайды да, сосын қайтып кетеді. Бұл жер аялдама есеебінде бұл құсқа. Жалпы дронмен мүлдем болмайды бұл жерге ұшыруға. Себебі құс үркеді. Келесі жылдары келмей қалуы да мүмкін деген сияқты. Қаракөлде жалпы құс көп, 300-дің үстінде түрі бар. 

Нұркен Тәжібай Маңғыстаудың көрнекті жерлерін бейнетаспаға түсіріп, ғаламторда насихаттап жүрген travel-блогер. Әр еңбегі мыңдаған қаралым жинайтын видеограф көктем және күз мезгілінде Қаракөлге келіп,  қашықтықтан кадр жинайды. Бұл әрекеті заңға қайшы келмеуі үшін әрдайым күшті зумы бар оптикалы құралдарды қолданады.

Нұркен Тәжібай, travel-блогер:

- Алыстан ұшыруға тура келеді. Қазіргі дрондарды х6, х8 деген зуммен шығарып жатыр ғой. Сол өте ыңғайлы. Біздер енді көрсетіміз келеді, бұл құстар әлемдегі ең әдемі құс деп айтсақ та болады. Әсіресе қанаттарын көтерген кезде бұлт құсап ұшып жүргенде өте әдемі көрініс. Әр кезде қоқиқаздарды инстаграм желісіне салған уақытта өте жақсы пікірлер жазылады жан жақтан.

Қызғылт қоқиқаздар Маңғыстауға жылына екі рет қонақтайды. Көктем ортасына қарай солтүстіктегі Қорғалжын қорығына бағыт алады. Күзде Біріккен Араб Әмірліктері, Үндістан, Иранға ұшып кетеді. Осы екі нүкте арасында Қаракөлге аялдап, күш жинайды. Бір маусымда өңірге 15-20 мыңға дейін қоқиқаз келеді. 

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Ренат Досалиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz