RU
Толық нұсқаға өту

2026-2035 жылдарға арналған биоалуандықты сақтау тұжырымдамасы қабылданды

19.03.2026, 19:35 43

Қазақстан 2026-2035 жылдарға арналған биоалуандықты сақтау тұжырымдамасын қабылдады.

Бұл табиғатты қорғау, эко-жүйелерді қалпына келтіру және био-алуандықты ұтымды пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындайтын маңызды стратегиялық құжат, дейді мамандар. Тұжырымдамада нақты қандай шаралар қамтылған? Шолушы әріптесім жіктеп айтуға даяр. Құжаттың ерекшелігі неде? 

Тұжырымдама – ғылыми қауымдастық өкілдерінің күш-жігерін біріктірудің арқасында Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен серіктестік аясында әзірленген амбициялық құжат, дейді мамандар. Тіпті елімізде бұған дейін мұндай концептуалды құжат болмаған. Ендеше, рет-ретімен баяндайын. 

Тұжырымдама 8 негізгі бағытты және 13 нысаналы индикаторды қамтиды. 2035 жылға қарай Қазақстандағы ерекше қорғалатын табиғи аумақ көлемі 31 млн гектардан 33,2 млн гектарға дейін ұлғайтылады. Қазір бұл аумақтар елдегі жалпы жер көлемінің 11,4%-ын құрайды. Орманмен қамтылған аумақтар қазіргі 13,9 млн гектардан 14,7 млн гектарға дейін артады. 

8 негізгі бағыт

13 нысаналы индикатор

2035 жылға қарай:

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар - 33,2 млн га

Орманмен қамтылған аумақтар - 14,7 млн га 

Қазақстанда ерекше қорғалатын жаңа табиғи аумақтар құрылады

Елде жаңа табиғи резерваттар құрылады. Аталған тұжырымдама аясында Батыс Қазақстан облысындағы Жайық орманы, Ақмола облысындағы Түкті мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Жетісу облысындағы Жаркент мемлекеттік өңірлік табиғи паркін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қатарына қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қазіргі резерваттардың көлемі кеңейтіледі. Атырау облысындағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының, Алматы облысындағы Іле-Балқаш табиғи резерватының, Каспий итбалығы резерватының, сонымен қатар, «Алтын дала» мен «Қаратау» мемлекеттік табиғи қорықтарының көлемін ұлғайту қарастырылған.

Меруерт Сарсембаева, Қазақстандағы БҰҰ ДБ биоалуандық бойынша жобаларының үйлестірушісі:

- Біріккен ұлттар ұйымы тарапынан осыдан екі жыл бұрын бұл құжатты дайындау жоба ретінде көзделген болатын. Сол үшін 2023, 2024, 2025 жылдар бойы көптеген қазақстандық, халықаралық сарапшылардың ұйымдасуы арқылы осы құжат дайындалған болатын. Бұл құжатты дайындау Жаһандық экологиялық қордық қаржыландыруы арқылы жүзеге асты. Концепция мемлекеттік экологиялық саясатқа бағыт береді және министрліктердің, ғылыми ұйымдардың, азаматтық қорғамның, халықаралық серіктестердің жұмысын үйлестіруге көмектеседі. 

Елде 40 керқұлан тұқымы жерсіндіріледі

Елде 40 бас Пржевальский жылқысы жерсіндіріледі. Керқұландар Чехиядан әкелінеді. Жоспар 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен іске асуға тиіс. Меморандумға 2024 жылы қол қойылып, сол жылы Праганың зообағынан Қостанай облысындағы «Алтын дала» резерватына алғашқы 7  жылқы жеткізілді. Бұл оқиға жайында Керқұлан жылқысы 200 жылдан кейін алғаш рет қазақ даласына оралды, - деп Euronews агенттігі де жарыса жазған еді.    

Бексұлтан Мейірбеков, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті басқармасының басшысы:

- Өздеріңіз білетіндей, Тұран жолбарысы Алматы облысында, Пржевальский жылқылары Қостанай облысында «Алтын дала» резерватында жерсіндірілді. Бізде Чехиямен тиісті келісімдер бар. Осы жылы тағы 8 бас жылқы әкелу жоспарлануда. Чехияда зоопарк бар пражский зоопарк. Сонымен меморандум аясында біз 2029 жылға дейін 35-40 бас жылқы алып келу меморандумына қол қойдық. 2024 жылы бірінші 7 бас жылқысы Қостанай облысындағы «Алтын дала» резерватына алып келініп, қазір жағдайы жақсы, карантиннен өтіп қазір бостандыққа жіберілді.

Қазір елде 14 ұлттық табиғи парк бар. Мемлекеттік табиғи қорықтар саны - 10. Алғаш құрылған әрі ең көнесі Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы. Сонымен қатар 8 мемлекеттік табиғи резерват бар. Ең кейін құрылғаны - Каспийдегі итбалықтарды қорғауға арналған ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Қорыта айтқанда, халықаралық тәжірибеде эндемикалық яғни сирек, жоғалу қаупі бар жануарлар мен өсімдіктерді қорғаудың ең тиімді тәсілі – ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру, дейді мамандар.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz