RU
Толық нұсқаға өту

Қапшағай су қоймасында «Таза су айдындары» республикалық акциясы өтті

21.03.2026, 09:51 34

Қапшағай су қоймасында кезекті «Таза су айдындары» республикалық акциясы өтті.

Шараның мақсаты ­- балық ресурстарының табиғи уылдырық шашуына және еркін өрістеуіне қолайлы жағдай жасау. Сонымен қатар су айдындарын заңсыз балық аулау құралдары мен тұрмыстық қатты қалдықтардан тазарту.

«Таза су айдындары» экологиялық акциясы жыл сайын су қоймаларындағы мұз еріген бойда өте бастайды. Қапшағай су қоймасындағы рейдке Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері мен жергілікті атқарушы орган өкілдері, еріктілер және балық шаруашылығы субъектілерінің қорықшыларынан құралған 50 адам қатысты. Олар 20 қайықпен Қапшағай су қоймасының күншығыс бетін арнайы құрылғылармен сүзіп шықты.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Қапшағай су қоймасына бейберекет ау салушылар көбейіп кеткен. Ал заңды балық аулаушылардың, міне, мынандай жапсырмасы болуы керек. Мұнда 12-учаске, аудың ұзындығы 400 метр, ал көзі 55 мм деп жазылған. Ал мына аудың ешқандай жапсырмасы жоқ. Демек мұны браконьерлер құрған.

«Таза су айдындары» акиясын өткізу барысында балық аулаудың екі заңсыз дерегі тіркелді. Енді заң талаптарын бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, балық аулау құралдары тәркіленеді. 

Қайықтары резеңке, аулау құралдары балық аулауға тыйым салынған аулау құралдары. Қайықты тексеру барысында заңсыз ауланған балық түрлері бар 2-3 түрі. Сіздер қазір әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 380-бабы 3-тармағын бұздыңыздар.

Сіздер кінәңізді мойындайсыздар ма?

- Иә, мойындаймыз.

Ринат Қумашев, Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы:

- Акция барысында су айдынынан 5 мың метрге жуық балық аулау құралдары шығарылды. Аталған акция жыл сайын өткізілуде. Мысалы, 2025 жылы Балқаш-Алакөл су айдындарынан 56 км аулау құралдары және 17 тонна тұрмыстық қалдықтар жиналған.  

Табиғат қорғау акциясы барысында заңсыз құрылған аулармен қоса, жағалауға 2 тонна қоқыс пен қатты тұрмыстық қалдық шығарылды. Инспекторлар бұдан да кең көлемді рейдті сәуір айында өткізуді жоспарлап отыр.

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz